15 миллион теңгеге сатылған Алматы облысы Шалқар ауылындағы мектеп балабақшаға айналуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – Алматы облысына қарасты Шалқар ауылындағы жекенің қолына өтіп кеткен мектеп. Екі қабатты білім ордасын сатып алған кәсіпкер мұнда балабақша ашуды көздеп отыр. Жуық арада қолданысқа берілетін нысан кезекте тұрған 100 шақты баланы қабылдай алады. Бірақ мемлекетке тиесілі жылжымайтын мүліктің жекенің жетегінде кеткені халықтың шымбайына батады.
«Біз 2020 жылдан бастап аудан әкіміне, прокуратураға және оқу бөліміне арыз жаздық. Ешқандай жауап жоқ. Мектебімізді қайтарсын. Бұл – Үүкіметтің мекемесі. Оны сатуға ешқандай құқығы жоқ. Келген басшылар сата берсе, сонда не үшін жүрміз?» – дейді Шалқар ауылының тұрғыны Гүлнәр Құбашева.
Тұрғындардың айтуынша, 3 ауысыммен 1 мыңға жуық баланы білім нәрімен сусындатқан мектеп 2018 жылы сатылып кеткен. Халықтың ашуын туғызғаны – саудаға түспес бұрын шенділер білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіпті. Ескі емес, еңсесі биік мектептің бар болғаны 15 миллион теңгеге сатылғаны дүйім жұрттың наразылығын тудырды.
Халықтың жанайқайына осы уақытқа дейін құлақ аспай келген атқамінерлер бұл жолы тілдесуге жедел жетті. Алматы облысының білім басқармасы мектептің сатылып кеткенін биыл ғана білдік деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Өйткені бұған дейін мекеме аудан әкімдігінің құзырында болған деп ақталды. Әрдайым есігінде қара құлып тұратын нысанға бүгін ғана кіруге мүмкіндік туды дейді шенді.
«Білім мекемелері ешуақытта жеке тұлғаға және заңды тұлғаға сатылмайды. Беріледі, сатылады. Тек қана егер ол білім саласында ары қарай дамып, жұмыс жасайтын жағдайда берілуге болады деген заңда көрсетілген», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.
Белгілі болғандай, нысанның қазіргі иесі әкімдік тарапынан ұсыныс жасалғанын айтады. Қолда қаражаты бар кәсіпкерге жергілікті билік ауылдан балабақша ашып беруді өздері өтінген көрінеді. Сол кезде жауапты мамандар нысанды 15 миллион теңгеге бағалады деп отыр. Бірақ жөндеуден кейін оның құны 80 миллион теңге болды дейді нысан иесі.
«Мен бұл жерден монша немесе мейрамхана ашқан жоқпын. Халықтың сұрауы бойынша балабақша дайындап жатырмын. Күтіп отырғаныма 5 жыл болды. Қайтаруға мен қарсы емеспін», – деді нысан иесі Фархат Мәденов.
Бүгінде Шалқар ауылында 700 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Елдімекенде бірде-бір мектепке дейінгі мекеме жоқ. Болашақта болары да, болмасы да белгісіз.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы