Алматы облысында қодас өсірілмек. Тек теңіз деңгейінен 3 мың биіктікте өмір сүретін жабайы сиырлар көршілес Қырғызстан тауларынан Райымбек ауданына әкелінеді. Инвесторлар ұсынған тың жобаны облыстық әкімдік қолдап, ауданның таулы аймағынан 20 мың гектар жер бөлген. Қазір бұл мекенде интераңшылық және экотуризм салалары үшін де бірқатар нысан салынған. Қаймағы бұзылмаған жабайы табиғатымен көрген жанды өзіне баурайтын мекен отандық және халықаралық экотуризмнің ордасына айналмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Терісі, жүні, мүйізі, еті, бәрі кәдеге жарайтын қодас тек жабайы ортада өсіп-өнеді екен. Оның тіршілік етуі мен көбеюіне Іле Алатауының климаты қолайлы. Себебі қодастар суыққа төзімді, қыс түссе де, қардың астынан шөп қазып жеуге икемделген түлік. Қазір мамандар жабайы жануарды күтіп-баптаудың қыр сырын игеріп жатыр.
«Бізде қазір 50-60 бас қодасымыз бар. Бірақ бұл өңірде емес, Таушелек деген жерде. Таудың басында шекарада орналасқан. Ол жерде біз қазір қалай бағылады, қандай табиғат керек, қандай биіктікте ұстау керек екенін бақылап көріп жатырмыз. Қораға бағыла ма, бағылмай ма немесе бос жүруі керек пе деп үйреніп жатырмыз. Болашақта 2000-3000 қодасқа дейін өсірсек деген ойымыз бар», − деді шаруашылық басшысы Азат Саматұлы.
Сарыжаз ауылына қарасты Текес және Құтырған өзендері маңын арқар, бұғы, марал, қасқыр және қар барысы мекендейді. Осы ретте кәсіпкерлер тауешкі мен қабан аулауға бағытталған интераңшылық саласын дамытпақ ниетте. Сондай-ақ, ылғалды аймақта сирек кездесетін эдельвейс, жалбыз, қырмызыгүл, шайқурай сынды емдік шөптер өседі.
Бұл аймақтың ең көрікті мекендерінің бірі – мынау Күркіреме сарқырамасы. Биіктігі шамамен 10 метр болатын табиғат жауһары Тянь Шань тауларынан ағып жатыр. Бір қызығы жергілікті тұрғындар бұл жерді ғажайып мекен деп атайды екен. Текес өзеніне құйылып жатқан сарқыраманың қайдан ағып жатқаны белгісіз. Себебі арғы жаққа қарасаңыз, шынымен де, ешқандай өзен көрінбейді.
Райымбек ауданындағы туристер жиі келетін аймақтардың бірі – Шоғансай демалыс орны. Мұндағы кәсіпкерлер жылқы өсіріп, келген қонақтарға қымыз, саумал ұсынады. Әу баста Шоғансайда бірнеше киіз үй болса, қазір 30 адамға арналған қонақүй бой көтеріп, электр және интернет желісі тартылған.
«Қазір осы туризмді дамыту бойынша жұмыс жасаудамыз. «Шоғансай-Әлішер» экотуризмнің құжаттары барлығы заңдастырылып, 50 адамдай қабылдайтын қонақ үй салынып жатыр», − деді Райымбек ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Абылай Бақытжан.
Осыған дейін 88 елде болған саяхатшы-блогер аймақтың әсемдігін Австрия, Швейцарияның табиғатымен салыстырады.
«Осындай биік таулы, көркем жерлер тек Австрия мен Швейцарияда бар. Бірақ онда халық көп, поезд, автобус, көлік жүретін жолдар бар. Ал, мұнда қоршаған ортаның алғашқы келбеті барынша сақталған. Нағыз табиғат. Осы жағынан маған бұл жер көбірек ұнайды», − деді саяхатшы-блогер Александр Цой.
Жалпы Райымбек ауданында экотуризм саласы, яғни жабайы табиғаттың келбетіне нұқсан келтірмей туризмді дамытуға баса назар аударылған. Мұнда қазір «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоған сай», «Ақкөл» және «Сафари Тау Шелек» атты 5 демалыс орны турист қабылдап жатыр.