Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде жараланған тәртіп сақшыларына көмектескен 19 жастағы бойжеткен марапатталды. Ол көше бойынан өтіп бара жатып лаңкестер қолынан соққы көрген полицейлерді бірден өзінің көлігіне мінгізіп, қауіпсіз орынға шығарған. Террористерден төнген қауіптен қорықпай, ерлікке барған қыздың оқиғасы көпке үлгі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Назарбаев даңғылынан сәл төмен қарай, Сәтбаев көшесімен қиылысатын тұс 5 қаңтар күні лаңкестердің толығымен торуылдаған мекеніне айналған еді. Дәл сол күні 19 жастағы қыз көлігімен осы көшенің бойымен келе жатады. Кейіннен тәртіп сақшыларының нұсқауымен кері бұрылыпты. Сол сәтте жол бойында жараланған полицейлерді көріп, өтіп кете алмадым дейді кейіпкер. Жеңіл көліктің артқы бөлігіне бірден 4 полицейді отырғызып, қауіпті аймақтан оларды аман алып шыққан.
Полина Просвирина бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Небәрі 19 жастағы бойжеткен сол кездегі төнген қауіпке қарамастан батылдық танытып, азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін көрсетті.
«Бастапқыда қатты қорықтым. Десе де, тәртіпсіздік кезіндегі құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегі ерен. Жаралыларды көлігіме отырғызып, ауруханаға апарғым келген. Бірақ олар өз басшыларының бұйрығымен ауруханаға емес, басқа мекенжайға апаруымды сұрады. Айтқандарын орындап, діттеген жерлеріне аман жеткіздім», - деді қала тұрғыны Полина Просвирина.
Полина оқиға орнында жалғыз болмаған. Жанында анасы да болыпты. Жараланған тәртіп сақшыларын қауіпсіз жерге алып шығаруға ол да көмектескен. Елімізге төнген сын сағатта көпке үлгі боларлық бұл ісін қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов жоғары бағалап, оларды марапаттады.
«Ол кезде айналаның бәрі дүрбелеңге айналған кез. Жолдың бойында учаскелік полицияның машиналары мен қызметтік көліктер көп еді. Қызым көлік тізгенінде болды. Мен біртіндеп тәртіп сақшыларын артқы орындарға жайғастырдым. Осылайша, оқиға орнынан дереу кеттік», - дейді қала тұрғыны Светлана Просвирина.
Оқиға кезінде жараланған 4 тәртіп сақшының үшеуі Жетісу аудандық полиция басқармасында учаскелік полиция болып жұмыс істейді екен. Қызметке тұрғандарына да көп уақыт болмаған. 22-24 жас аралығындағы жас мамандар. Бөлім басшысы қазір олардың жағдайы бірқалыпты екенін, жұмысты ары қарай жалғастырып жатқанын айтты.
«Әрине, мемлекеттің қамқорлығынан ешқандай қызметкеріміз шет қалған жоқ. Мемлекетіміз біздің кез келген жарақат алған-алмағаны бар, бәріне бірдей көмек беріп жатыр. Қазір ол үш қызметкеріміздің жағдайлары қалыпты, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ол үшеуінің жарақаты аса ауыр емес. Жеңіл жарақат», - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бөлім бастығы Жанғазы Сейітқазин.
Айта кетейік, ресми мәліметке сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 1 мыңға жуық адам жараланып, 11 әскери қызметкер қызмет бабында көз жұмған еді. Оның 9-ы – полиция қызметкері.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы