Қалдыбай Монтахаев – Орталық Азиядағы КСРО-ның халық сәулетшісі атағын алған жалғыз адам
Алматыда көрнекті сәулетші, еліміздің көркеюіне өлшенбес үлес қосып, өшпес із қалдырған Қалдыбай Монтахаевтың құрметіне ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемориалды тақтайша Тимирязев пен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кешенінің қабырғасына орнатылды. Себебі, Орталық Азиядағы КСРО-ның халық сәулетшісі атағын алған жалғыз сәулетші Қалдыбай Жұмағалиұлы осында бірнеше жыл тұрған. Оның еңбегі өзіне лайықты бағаланып, есімі мәңгілік ұмытылмайды деді жиналған қауым.
«Ол кісінің Алматы қаласының, жалпы Қазақстанның сәулет өнеріне сіңірген еңбегі зор. Шынында, біз ол кісімен бірге тіпті институт қабырғасынан бірге болдық деуге болады. Өйткені, біз 1-курсқа түскен кезде, ол кісілер 5-курсты оқып жүрген болатын. Сол кезден бері таныспыз. Ол өзі өте белсенді азамат болатын. Айналысына үнемі жас сәулетшілерді жинап, оларға өзі білетінін, үйренгенін ерінбей үйретіп, ұстаздық таныта білген кісі еді», – дейді «АлматыБасЖоспар» ғылыми-зерттеу институты директорының кеңесшісі Жанат АЙТІЛЕУ.
Айта кетейік, 2000-шы жылдары Қазақстан сәулетшілер одағын басқарған Қалдыбай Жұмағалиұлы Алматыдағы қалалық әкімдік ғимаратын, Республика алаңын, Президент резиденциясын, әуежай ғимаратын және бірнеше ықшамаудандардағы кешенді құрылыстарында жоба авторы болған. Сондай-ақ, Астанадағы Министрлер кабинетінің әкімшілік ғимаратын, Парламент, Сыртқы істер министрлігі ғимараттарының нобайын қағазға түсірген сәулетші.