Елде 4 мыңнан аса заңсыз қоқыс даласы анықталған
«Күлімсі иіс күнкөрісті қиындатты». Алматы облысындағы Әйтей ауылының маңы қоқысқа толып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрмыстық қалдық жайылған дала Алматы-Бішкек тасжолына жақын жатыр. Ал келесі бұрылыс 30 мыңнан астам халқы бар Әйтей ауылдық округіне апарады. Ондағы тұрғындар «онсыз да 1 қоқыс полигоны бар еді, екіншісі пайда болғалы жағдай одан әрі қиындай түсті» деп шағымданып отыр.
– Қоқыс қабылдайтын орынды адам тұрмайтын жерден неге таңдамайды? Кішкене жел соқса болды, өлексенің иісі келеді. Мүмкін емес. Балаларымыз сол иіспен өмір сүріп жүр, – деді Әйтей ауылының тұрғыны Светлана Халилова.
Жергілікті билік өкілдері «бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргіздік» дейді. Алайда бүгінде жүк көліктері әлгі аумаққа емін-еркін кіріп, еш кедергісіз, тиеген қоқысын төгіп кетіп жатыр.
– Жер жекеменшік. «Сервис Дарын» ЖШС жұмысын атқарып жатыр. Осы тарапта түсініктеме қағаз алынып, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге Алматы облысы Экология департаментіне хат жолданған. Әлі хабар алған жоқпыз, – деді Әйтей ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Елзат Әбдіқұл.
Әкімдік өкілі құзыретті басқармаларға 3 рет хат жолданғанын, соңғысы кеше ғана жіберілгенін айтты. Экология министрлігінің дерегінше, биыл елде 4 мыңнан аса заңсыз қоқыс даласы анықталған. Оның 1000-нан астамы жойылған.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Заңсыз сауда: құны 80 миллион теңге электронды темекі тәркіленді