Жауапты компания өкілі 16 тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған
Алматы облысында 20-ға жуық үлескер тұрғын үй құрылысының тоқтап тұрғанына наразы. Олар Бесағаш ауылына қарасты «Восток» тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар бүгін жауапты құрылыс компаниясының кеңсесіне келіп, арызын айтты. Олардың айтуынша, пәтер алу үшін барын сатып, қарызға белшесінен батқан. Алайда тұрғын үйдің қабырғасы қаланбаған көрінеді.
«Тұрғын үй құрылысы желтоқсан айынан бері тоқтап тұр. Мәселені шешу үшін тұрғындар жиналып отырмыз», – деді салымшы Мұқит Тілешов.
«2022 жылдың қазан айында пәтер құнының 20 пайызын төлеп қойдым. Мен «Восток» тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтер таңдадым. Бірақ қаңтар айында келгенде құрылыстың тоқтап тұрғанын көрдім», – деді салымшы Ләззат Бәйгебаева.
Ал аталған құрылысқа жауапты компания өкілі 16 тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Жалпы саны 1000 пәтер болатын кешен жанында қосымша мектеп пен балабақша салу да жоспарға енгізілген. Бірақ шағым түскен соң, құрылыс уақытша тоқтаған.
«Тау көрінісі көрінбей қалады, жел соқпай қалады» деп жер үйде тұратын тұрғындар құрылысқа қарсы шықты. Ал шындығына жерді сатып алғанымызды қалайды», – деді құрылыс компаниясының заңгері Нұрлан Жұмабеков.
«Облыс әкімі келіп, бұл жерге тұрғын үй салуға болмайтынын айтқан», – деді жергілікті тұрғын Айнұр Анарбекова.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өзінің қызметтік іс-сапары барысында тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды тапсырған екен.
«Талғар ауданынын қарасты Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Біріншіден, прокуратурадан шағым түскен. Бұл жерде көп қабатты тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Екіншіден, мердігер мекеме 9 қабатты 10-нан астам тұрғын үй салмақшы болған. Осында жақын оналасқан жер үйдің тұрғындары қарсы болды. Олар 3 гектардың аумағында көп қабатты үйлер салынатын болса, жақын маңдағы елдімекендерге қолайсыздық тудыратынын жеткізді. Сондықтан қазір құрылыс уақытша тоқтатылды. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй салуға берген құжаттары қайтарып алынды», – деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
«Келісімшарт бар ғой. Біз тұрғын үй салып беруге дайынбыз. Олар ақшасын төлеуге дайын. Ал егер рұқсат бермесе, ақшасын қайтарып береміз», – деді құрылыс компаниясының заңгері Нұрлан Жұмабеков.
Қазір компания басшылығы екіжақты келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, үлескерлердің шығыны өтеледі.
Әлібек Шынтемір Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы