Осыған байланысты борышын өтеп, қызметінен босатылған әскери ардагерлер бүгін бас қосып, мерекелік шара ұйымдастырды
Биыл еліміздің Республикалық Ұланының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған байланысты борышын өтеп, қызметінен босатылған әскери ардагерлер бүгін бас қосып, мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде 3 күнге жалғасатын сайыста 7 түрлі спорт түрінен, атап айтқанда – арқан тарту, қазақша күрес, гір тасын көтеру, жүзу, футбол және ату бойынша жарыстар өтуде. Дүбірлі додаға 16 топ, яғни 200-ден аса ардагер сарбаз қатысып, бақ сынайтын болады. Шара барысында қатысушыларға Республикалық Ұланның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқаны үшін естелік медальдар табысталды.
«Қай шақырылым сол жарысты ұтады, сол шақырылым ары қарай осы жарыстың ұйымдастырушысы болады. Бұл ең алдымен Талдықорған қаласында бастау алған. Содан кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қаласында өтті. Ал биыл қайтадан Алматы қаласында ұйымдастырылды. Бүгінгі жарысқа 200-ден астам ардагер сарбаздар қатысып жатыр», – деді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев.
Айта кету керек, Республикалық Ұлан 1992 жылы 16 наурызда Елбасының жарлығымен Алматы облысында құрылды. Бірақ 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің және Республикалық Ұланының қосылуы арқылы еліміздің Мемлекеттік күзет қызметі қалыптасқан еді. Бүгінгі дүбірлі додаға қатысушылар мерекелік шараның негізгі мақсаты – жастарға үлгі, өнеге көрсету болды дейді.
«Жастардың көбісі әскерге бармай, қашады. Біз 40-50 жасқа келсек те, әлі өзіміздің Отанымызды қорғауға дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз – жастардың патриоттық сезімін ояту», – деді ҚР Республикалық ұланының ардагері Қуаныш Уматаев.