Барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген екен. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша биыл 32 жеңімпаз анықталды. Бұл қоғам, ғылым, білім, медицина, бизнес, мәдениет, спорт салаларын ілгерлетіп жүрген жандар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«100 жаңа есімге» енген 32 жастағы Динара Шөкежанова бизнестегі, әсіресе машина жасау саласындағы барлық стериотиптерді бұзып отыр. Мамандығы бойынша инженер карьералық баспалдақтан жоғарылап, қазір «Агромашхолдинг KZ» компаниясының вице-президенті. Айтуынша, бала кезінде әкесіне темір тұлпарды жөндеуге көмектескен. Бәлкім сондықтан да дәп осы салада еңбегімнің жемісті болғаны шығар дейді. Күн сайын екі жарым миллион қазақстандықты тасымалдайтын автобустар дәп осы өндірісте шығарылады. Биылдың өзінде зауыт 45 мың автокөлік, мың трактор мен комбайн, мың автобус құрастырған.
«Мен ешқашан өмірім машина құрылысымен байланысты болады деп ойламаппын. Қостанай зауытына алғаш келгенімде 23 жаста едім. Комбайн құрастыру цехына алып келгенде жетекшім комбайн деген не, сепкіш аппарат қалай жұмыс істейді, гальваникалық цехтың металлургиялық цехтан айырмашылығы қандай, осының барлығын бір аптаның ішінде білуің тиіс деді. Айтты да, шығып кетті. Мен жылап жібердім. Себебі әйел заты басқаша ойлайды, бұның барлығын білу мүмкін емес деп ойладым», - деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Динара ШӨКЕЖАНОВА.
Қанат Нұртазин – аниматор. Осыдан бес жыл бұрын «сурет салудың 100 әдісі» деп аталатын жеке жобасын құрған. Жапырақтарға, картонға, алмаға сурет салып, ою кескіндеп, қиялды шындыққа айналдырады. Туындыларын әлеуметтік желілерге жүктейді. Осылайша оның жұмыстарын халықаралық пабликтер мен онлайн журналдар жариялайды.
«Былтыр маған Nickelodeon халықаралық балалар арнасының өкілдері хабарласып, олар үшін әлеуметтік желілерінде жарнамалық контент құруды ұсынды. Міне осымен екінші жыл жұмыс істеп келеміз. Ал биыл Уолт Диснеймен ынтымақтастықта жұмыс жасап келеміз. «Малифесента 2» және «Мұзды өлке 2» мультфильмінің әлемдік проктаттарына жарнама жасадым», - деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қанат НҰРТАЗИН.
Жастар театрының актері Әлібек Нұрбек те 100 жаңа есімге ілігіп отыр. Кішкентай балаларға күндіз қойылым қойса, бос уақытында еріктілікпен айналысады. Ауыр дертке шалдыққан балалардың жанына дауа іздеуге болысып жүрген жандардың бірі осы азамат.
«2 жылдың ішінде біз 10-ға жуық балаға көмектесе алдық. Еріктілер үйі балаларға ғана емес, қарттар үйі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындау, не болмаса қысқы суық мерзімдегі жылы, жайлы баспана алуына қамтамасыз етеміз. Яғни бізге келген балалар арқылы хаттар арқылы, көмек арқылы біз мынаған көмектесеміз, мынаған көмектеспейміз деп айтпаймыз. Қайсысы қолымыздан келеді. Соған көмектесуге тырысамыз», - деді «қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әлібек НҰРБЕК.
Айта кетейік, «Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдарды анықтау. Осы арқылы олардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету діттелген. Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру мақаласы аясында бастау алған еді.