Алматыдағы қоршаған ортаны ластауда автокөліктердің үлесі артып келеді. Сарапшылардың есебінше бұл көрсеткіш бүгінде 80 пайызға жеткен. Шаһардың өзінде тіркелген көліктердің саны жарты миллион болса, сырттан тәулігіне тағы 200 мыңдай көлік кіреді. Бұл ретте, агрегаттарында ақаулары бар көліктерді жүргізбеу, маңызды дейді мамандар. Сол себептен, қалада "Таза ауа" акциясы қолға алынды. Прокуратура және полиция қызметкерлерімен кезекті рейдке біздің түсіру тобымыз да шыққан болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2018 жылдың қортындысы бойынша ауаны ластаушы заттардың көлемі 124 мың тоннаға жеткен. Бұлардың негізгі бөлігі автокөліктен шығатын улы заттарға тиесілі екен. Қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында ұйымдастырылған акцияда жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экологиялық заңды өрескел бұзғандардың бірқатары әкімшілік жауапқа тартылды.
«Полиция қызметкерлерімен заң бұзушыларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 334 -бабының 1,2 тармақтарына сәйкес тиісті әкімшілік жазалар қолданылды», - деді қалалық экология департаментінің бөлім басшысы Марат САҚТАҒАНОВ.
«Бүгінгі жүргізілген акция іс-шараларда жүргізушілер тоқтатылды. Автокөліктен шығарылған улы заттар экология қызметкерлерімен өлшенді. Жүргізушілерге дұрыс жағынан түсіндіріліп, жүргізушілер жақсы жағынан қабылдап жатыр", - деді қалалық жол-патрульдік полициясының сержанты Азат РЫМБАЙ.
Көліктен зиянды заттардың ауаға таралуының негізгі себебі жанармайдың толық және біркелкі жанбауында дейді экологтар. Бұл мәселеге көлік жүргізушілері де түсіністікпен қарап, алдағы уақытта түтіндеген темір тұлпарларын тізгендемейміз деп уәде берді.
БЛИЦ:
«Жақында двигательді жөндегенбіз. Білмеймін неге ондай екенін. Барып көреміз. Жөндеу керек. Ауаның таза болғаны өзімізге де керек қой», - деді бір тұрғын.
«Бәрімізде экология таза болсын дейміз ғой. Таза болғаны дұрыс дейміз. Қаланың ішінде Алматыда», - деді екінші бірі.
Десек те, экологиялық ахуалды жақсарту үшін, мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен тролейбус желісін жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Одан бөлек, «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларының құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Екі бекет іске қосылса күніне 86 мың адам қатынайды деп болжанып отыр.
Қала экологтарының мәліметінше, Алматы ауасының ластануына негізгі себеп авто көліктерден бөлінетін улы газдар. Нақтырақ айтсақ, ластаушы заттардың үлесі 80 пайызға жетіп отыр. Таза ауа акция аясында 189 автокөлік тоқтатылып, олардың 47-іне әкімшілік шара қолданылды.
Қуан Нұрақын, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы