|
24.10.2019 | 12:02
4304

Алматының кейбір көпқабатты пәтерлері әлі күнге дейін жылусыз отыр

Тұрғындар үйде қыстық киіммен жүруге мәжбүр

Алматының кейбір көпқабатты пәтерлері әлі күнге дейін жылусыз отыр

Алматы қаласы бойынша жылу маусымы бір апта бұрын басталғанымен, Түрксіб ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары пәтеріміз даладан да суық дейді. Кейбір пәтерлерде батареялар сол күйі жылымаған. Үйдің ішінде қыстық киіммен жүретіндерін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Күн суытқалы екі апта болды. Ал, біздің үйлерге жылу әлі келмеді. Балалар мен қарттар көп тұрады. Соңғы күндері мүлдем суытып кетті. Батареялардың неліктен жылымай жатқанын біле алмай отырмыз. Қызмет көрсету компаниясы да үнсіз», – деді Анар ЖҰМАҒҰЛОВА атты тұрғын.

Алматы жылу жүйелерінің мамандары жұмыстарын тыңғылықты істеп жатқанын айтады. Үйдің ішіне жылу берілмесе, ол пәтер иелері кооперативінің кінәсі. Аталған компания мен кооператив арасында келісім шарт болады. Сол құжатта тараптардың міндеттері тәптіштеп тұрып жазылған.

«Өздеріңіз білесіздер, қала бойынша жылу 15 қазанда берілді. Нақты бүгінгі мәселеге келетін болсақ, біздің тарапымыздан барлығы талапқа сай жасалған. Ал үйдің ішіндегі мәселеге біздің араласуымызға құқығымыз жоқ», – деді Алматы жылу жүйелерінің бас инженері Қайрат ШАҒЫРАЙЕВ.

Жауапты пәтер иелер кооперативі жылу маусымына жылдағыдай дайындалғандарын жеткізді. Тіпті 50 жылдан бері жаңармаған үйдің инженерлік жүйесін де ауыстырыпты. ПИК төрайымының сөзінше, жылуға барлық пәтер қосылған. Тек су айналымы дұрыс болмауы мүмкін дейді. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жүйеде осындай ақау пайда болған көрінеді.

«Үйдегі инженерлік жүйені қалпына келтіруді мен бастаған едім. Өйткені ол – үйдің жүрегі. Модернизация бағдарламасы арқылы біршама құбырды ауыстырдық. Бірақ тек жертөледегі. Енді пәтерлердегі батареяларды жаңарту қажет. Ол осы үй салынғалы бері ауыспаған. Бар мәселе осында», – деді «ИВА» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Ольга КОРШУНОВА.

«Жертөленің кейбір жерінде құбырлар жоқ. Қазіргі ПИК оның болмағанын айтады. Ал осының алдындағы жауаптылар оны мүлдем алып тастаған көрінеді. Қазір енді пәрмен берілді. Жедел қызмет келіп, олқылықтың орнын түзету керек. Жылуы жоқ пәтерлердің батареялары жақын арада жылынады», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.

Жетісу ауданындағы 5 пәтердің тұрғындары да жылусыз отыр. Бірақ мұнда ПИК пен әкімдіктің қатысы жоқ. Құбыр да жарылмаған. Үйге толық жылу келу үшін бірінші қабаттағы радиаторды ашу керек екен. Ал ол жекеменшік пәтердің ішінде. Оған ешкім кіре алмайды. Өйткені аталған баспана қаладағы банктердің бірінде кепілде тұр.

«Пәтерге кіре алмай оытрғанымызға бір апта болды. Соның кесірінен мына кісілер жылу ала алмай отыр. Бір ғана құбырды аша салу керек. Сонда бар мәселе шешіледі», – деді «Көмек» ПИК-нің төрайымы Людмила АОВКОВА.

Ал, Бостандық ауданында да дәл сондай мәселе. Алайда, ол үй арестте емес, тек пәтердің иесі табылмай жатқан көрінеді.  

«Көктем-2» шағынауданы 13 үйдің 4 пәтерінде бір құбырға байланысты жылу берілмей тұр қазіргі таңда. Оның себебі 31пәтерде винтель орнатылған. Және сол пәтердің иесі үйінде жоқ. Қазіргі таңда учаскелік полициямен бірлесе отырып, пәтер иесін анықтау, іздестіру жұмыстарын атқарып жатырмыз», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Әділет ӘЛІПБЕКОВ.

Аудандық әкімдік өкілдері пәтер иесін көп ұзамай анықтап, тоңып отырған тұрғындардың үйіне жылуды береміз деп уәде берді.

Өмір Әнуарбек, Жанат Айтенова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир