Тұрғындар ұйқыны ұмытты: Алматы облысында мал ұрлығы өрши түскен

Тұрғындар ұйқыны ұмытты: Алматы облысында мал ұрлығы өрши түскен
Биылдың өзінде Жаңа арна ауылында 100 шақты мал ұрланып, 2 дүкен мен бірнеше үй тоналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Жаңа Арна ауылының тұрғындарынан тыныштық қашқалы біраз болған. Тұрғындар түнде ұйқтамай, тырс еткен дыбысқа елеңдеп отырады екен. Себебі жыл басынан бері ұрылар төрт түлікке қырғидай тиіп, жай таптырмай отырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылдың өзінде бұл ауылда 100 шақты мал ұрланып, екі дүкен мен бірнеше үй тоналған. Осындай жағдайлар соңғы кезде тіпті жиілеп кеткен.

«Осы қыркүйектің 14-і күні менің біздің екі сиырымызды бірдей ұрлап кетті. Күніміз сол екі сиырға қарап отырған. Ұрылар менің күйеуімнің жоқ екенін білген», – дейді ауыл тұрғыны Жамайка БИСЕНОВА.

«Былтыр желтоқсан айының соңында менің дүкенімді тонап кетті. Полиция қызметкерлеріне арыз жаздық. Қабылдап алғаннан кейін олар мүлдем төбе көрсеткен жоқ», – дейді Гүлзия ДҮЙСЕМБЕКОВА

Соңғы бір жылдың ішінде Нурдин Алиевтің 200 бас қойын ұрылар қолды қылған. Бұл ауыл түрғындарының қойшыға сеніп тапсырған малы еді. Осы күнге дейін полиция қызметкерлерінің ұрыларды ұстамағанына таң қалып отырған бақташы, қойдың бір жерде ұстап отырғанына, әлі сойып сата қоймағанына сенімді. Ол мал иесіне қайтарылса, үстінен жүк түсетінін, бүгінде ауылдастарының бетіне қараудан қалғанын айтады.

«Ұрланған қойдың бәрін олар әзірге бір жерде ұстап отыр. Сойып сатып үлгере қойған жоқ. Бұл осы ауыл тұрғындарының әрекеті емес. Бірақ осындағы біреудің ұрыларға мән-жайды жеткізіп жүргені анық», – дейді Нурдин АЛИЕВ.  

Ауыл әкімдігі өздері отырған ғимараттың дәл түбінде орын алып жатқан ұрлықтан хабарсызбыз деді. Бірақ, мән-жаймен қаныққан соң дереу шара қолданып, ұрлықтың беті неге ашылмай жатқанын анықтауға уәде берді.

«Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарамыз. Олардың жазған өтініштері неге қарастырылмай жатыр. Болмаса неге бұл жұмыстар атқарылмай жатқандығын туралы аудандық полиция басқармасына хат жазып, бәрін анықтаймыз», – деді Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш САТТАРБАЙ.

Ал, Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері аталған ұрлық және тонау фактілері бойынша іздестіру шаралары жүріп жатқанын жеткізді. Бірақ, Жаңа арна ауылында ұрлық жиі болғанымен, тұрғындар тарапынан бар жоғы алты-ақ арыз түскен дейді.

«2019 жылы Іле ауданы  Жаңа арна ауылына қарасты аумақта орын алған қылмыстарға қарасты 6 дерек қазіргі таңда ашылған жоқ. Оны ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, екі мал ұрлығы жалпы саны 4 ірі қара қолды болған. Бір пәтер ұрлығы ашылған жоқ. Бір алаяқтық және бұзақылық деректер бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Серік ҮПИЕВ.

Полицейлер елдің сеніміне кіріп, ұрыларды ұстамайынша ауыл өмірі түн күзетумен өте бермек. Егер полиция қызметкерлері шара қолданбаса, өзіміз тергеуші болуға тура келіп тұр дейді тұрғындар.  

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров