Оқуда озат, спортқа ширақ ойын баласы жарты жылдан бері төсек тартып жатыр екен
Түтікшеге тәуелді тағдыр. 9 жастағы Айбол өз бетімен тыныс алудан қалған. Оқуда озат, спортқа ширақ ойын баласы жарты жылдан бері төсек тартып жатыр екен. Анасының айтуынша, жаз айында көлік қағып кетіп, жағымен қоса кеудесін зақымдаған. Салдарынан өңешіне ет өсіп, тыныс алу жолдары толық жабылып қалған. Отандық дәрігерлер ота жасап көргенімен, науқастың беті бері қарамапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тынысы тарылып, тамағын түтікшемен ішетін 9 жастағы Айболдың өңешіне ет өсіп, өздігінен тыныс ала алмай қалғанына жарты жыл болыпты.
«Дүкеннен шығып арғы бетке өтемін дегенде көлік қағып кетті. Балама шұғыл түрде ота жасалады. Қыркүйектен бастап тыныс алу жолдары нашарлай бастады», – деді Айболдың анасы Айнұр Жұмабаева.
10 күнде 15 келі салмақ тастаған жеткіншек бірден төсекке таңылып, жатып қалған екен. Алғашқы отасы күрделі өткен баланың содан бері қан қысымы да жиі көтеріліп кетеді екен.
«Қазір балам арнайы түтікшемен демалады. Оны бізге ауруханада жатқанда салып берген», – деді Айболдың анасы Айнұр Жұмабаева.
Кеудесі сырылдап, апаттан алған ауыр соққыдан соң іш-құрылысы зақымданған науқастың рентген көрсеткіштері де көңіл қуантпапты. Өкпесінің сол жақ беті езіліп, жығалғанға жұдырық болды деп жылайды анасы. Тек сұйық тамақ ішетін Айболдың кеудесіне қақырық толмас үшін, әр он минут сайын құрылғымен сорып отыру қажет екен. Онсыз бала тұншығып қалуы мүмкін.
«Алла қаласа осы отаны аман-есен өткізіп алсақ, өзінің қалыпты өміріне келеді деген ойдамыз. Шетелде емге бізге көп мөлшерде ақша сұрап жатыр. Халықтан көмек сұрайымыз. Баламызды шетелге апарып, өзінің қатарына қосылғанын қалаймыз», – деді Айболдың анасы Айнұр Жұмабаева.
Оқуда озат оқушының қатарластарының алды болғанын айтады анасы. Қазір отбасын жалғыз әкесі асырап отыр. Өйткені анасы күні-түні баланың қасында. Айболдың ауруынан айығып, оңалып кетуіне қол ұшын созамын деушілерге реквизиттер қалдырдық.
Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы