Ән кешінің жабылу салтанатына 20 мыңға жуық көрермен жиналды
Алматы облысында ASPAN FEST мега фестивалінің жабылу салтанаты өтті. 3 маусымда бастау алған мәдени іс-шара Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтарын әр сенбі әуезді әуенмен қуантып отырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр сенбі Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтары отандық эстрада жұлдыздарының музыкалық шоуын тамашалауға мүмкіндік алды. Фестивальге келушілер үшін демеушілердің қолдауымен ұтыс ойындары да өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс әкімдігі қолдауымен тегін болды.
– Фестивальге 100-ге жуық эстрада жұлдыздары қатысты. Ауданымыздағы өнерпаздарымыз сахнада өнер көрсетті. Фестиваль Алматы облысының тұрғындарына серпіліс сыйлау мақсатында демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылған, – деді Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев.
ASPAN FEST-тің сахнасында жаз бойы 100-ден астам өнер адамы 300-ге жуық ән шырқады. Олардың бірқатарына облыс әкімінің алғысхаты табысталды.
– Әншілер келді. Фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қала әкімдігіне рахмет! – деді қала тұрғыны.
– Қазыбек Құрайыш пен Қайрат Нұртастың әнін тыңдауға келдік, – деді қала тұрғыны.
– Концертті көру үшін Алматы қаласынан келдік. Көңіл күйіміз өте керемет! – деді қала тұрғыны.
– Алматы облысының Мәдениет басқармасына ұсыныс жасадық. «Әнмен әлдилейік, халқымызға бір мереке сыйлайық» деген ниет барын айттық. Облыс әкімі қолдап, фестиваль ұйымдастырылды. Ризамын, Алла қаласа, келесі жазда да сағына кездесеміз деген ойдамын, – деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев.
Айта кетейік, мега фестивальдің жабылу салтанатына 20 мыңға жуық көрермен жиналып, тұрғындар арасында 200 сыйлық ойнатылды.
Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы