БҰҰ-дың мәлімдеуінше, есірткі жыл сайын әлемде 500 мыңнан астам адамның өмірін қияды
Соңғы 5 жылда елімізде есірткіге еліткендер саны 14 есеге өскен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде республика бойынша 109 мыңнан аса адам наркологиялық есепте тұр. Оның 16 мың 761-і әйел. Ал бір Алматының өзінде қазір ішімдік пен есірткіге салынған 900-ден астам қыз-келіншек ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
47 жастағы Алматы тұрғыны наркологиялық есепте тұрғанына 7 жыл болған. Осыдан 8 жыл бұрын күйеуі, кейін ата-анасы қайтыс болып, күйінгеннен ішімдікке салыныпты. Бұған дейін 3 мәрте орталықта емделуге тырысқан. Алайда, алкогольге тәуелді екенін жасырмайды. «Арам су өмірім мен денсаулығымды құртты» деген ол бұл жолы мәжбүрлі ем қабылдап жатқанын айтады.
«Туыстарым да мәжбүрлеп әкелген кездер болды. Ең сорақысы, сәл қиыншылық болса, мен өзімді ұстай алмай қаламын. Бұл – әдет емес, асқынған ауруға айналды десем болады. Ішімдікке салынып, ата-анамның жүйке жүйесін тоздырдым. Олар менің бұл әрекетіме шыдамады деп ойлаймын», – деді тұрғын.
Қазір жалғызбасты әйел қалалық психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметінде ем қабылдайды. Бұл мекемеде ішімдік пен есірткіге тәуелді 4608 адам тіркеуде тұр. Олардың 900-ден астамы әйел. Былтыр көрсеткіш мыңнан асыпты. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта қыз-келіншектер алкоголь мен психотроптық заттарға әуестенуі – қауіпті құбылыс.
«Қазіргі әйелдердің бұрынғымен салыстырғанда қоғаммен қарым-қатынасы өте белсенді. Ол стресстік жағдайға және қоғамда болып жатқан зиянды қауіп-қатер факторларына жиі ілінеді. Әрине, ешкім оны әдейі бастамайды, қоғамның, қоршаған ортадағы адамдардың әсерін өздері білмей қалады. Есірткіні немесе алкогольді сусындарды қабылдай бастайды да, тәуелділікке шалдығып қалады», – деді Психикалық сауықтыру орталығы наркологиялық қызметінің бөлім меңгерушісі Данияр Сүйінбеков.
БҰҰ-дың мәлімдеуінше, есірткі жыл сайын әлемде 500 мыңнан астам адамның өмірін қияды. Қазір елімізде наркологиялық есепте 109 мың 216 адам тұр. Оның 102-сі бала. 16 мыңнан астам нәзік жанды ішімдік пен психотроптық заттарға тәуелді. Мамандардың айтуынша, улы «тажалдың» тырнағына ілінгендердің жүйке жүйесі мен ағзасы зақымдалады, дұрыс ойлана алмайды. Бірақ науқас дертке шалдыққанын мойындап, ұзақ уақыт ем қабылдаса, тәуелділіктен құлан таза айығуға мүмкіндік бар.
«Бірінші сатысында дезинтаксикация жасалады. Яғни, уланған ағзаны тазарту керек. Егер қосымша, бауыр, бүйрек зақымданса, оны қалпына келтіру керек. Бұл дәрілік сатысы. Кейінгі саты ол – оңалту. Ол кезде науқастар психологтармен, психотерапевттермен жұмыс істейді. Егер құжаттары жоғалып қалса, қаайта жасап береміз», – деді Психикалық сауықтыру орталығы наркологиялық қызметінің бөлім меңгерушісі Данияр Сүйінбеков.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметіне ішімдікке салынған немесе есірткіге тәуелді адамдарды көп жағдайда тәртіп сақшылары мәжбүрлі түрде алып келеді. Қоғамға қауіпті деп танылған масаң күйдегі мұндай азаматтарға дәрі-дәрмек беріліп, қажетті психологиялық көмек көрсетіледі. Ал ем-шараға көнбей, бұзақылыққа баратындар болса, мекемеде қауіпсіздік қамтамасыз етілген.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы