Қ. Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

04.07.2021 01:50

Ұлы дала кіндігінде қасиетті Туды биікте желбірете отырып, еркіндік пен егемендік мұратына бейілді екенімізді айтты

Ақорда

Елордамыз – қазіргі Қазақстанның бетке ұстар бас қаласы. Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараны дәстүрлі түрде ашатын Мемлекеттік ту көтеру салтанаттында  Президент осылай айтты, деп хабарлайды Almay.tv.

 Мемлекет басшысы бас қала дарынды, жігерлі отандастарымыздың, сондай-ақ өзге мемлекеттердің көптеген азаматтарының бас қосатын орталығына айналғанын атап өтті. Ұлы дала кіндігінде қасиетті Туды биікте желбірете отырып, еркіндік пен егемендік мұратына бейілді екенімізді айтты.

«Еліміз бір ұлт болып Есілдің бойына ел қондырды. Есілдің бойына еңселі елорда салды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы жұртымыздың жасампаз еңбегіне ұласып, сәулетті шаһар бой көтерді. Бас қаламыз аз уақыттың ішінде Қазақстанның саяси-экономикалық және рухани-мәдени орталығына айналды. Ғылым мен білімге ұмтылған жастардың құтты мекені болды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Мемлекеттік туымыз бен еліміздің бас қаласы ұлт бірлігінің жарқын символы екенін айтты.

«Елорда күні адамдарды қолдап, шабыттандыру, бірліктің күшін, өзара көмектің маңыздылығы мен әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесінің құндылығын дәріптеу үшін аса маңызды. Елорда тұрғындары екпе салу науқаны мен шектеу шараларын сақтау кезінде алдыңғы қатарда болуы қажет. Жаппай вакциналау қалыпты тыныс-тіршілікке қайта оралудың, адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін дұрыс түсінуіміз керек. «Біз біргеміз» ұраны аса қатерлі індетке қарсы күрестегі жеңісіміздің бойтұмары болатынына сенімдімін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.