Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Отанның түп-тамыры, темірқазығы – жанұя институтын дамыту аса маңызды. Соның бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау бүгіннен басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – осыдан 50 жыл бұрын қағаз бетіне түскен екі жастың хат алмасуы. Сол кезден бері бояуы сіңіп, сиясы кеппеген махаббат – берекелі отбасының бастауы. Кішкенебаевтар семьясының тарихы осыдан басталады. 5 жыл хат алмасқан қос ғашық қазір үлкен әулеттің отағасы мен отанасы. Ал алғашқы таныстық 6-сыныпта басталған.
– Өзім еркелеп өстім. Ал мына кісіге қарасам сөйлеген сөзінде де парасат бар. Болашағын да ойлайтын, өзінің алдына мақсат қоя білетін жігіт екен. Кейін шынымен жақсы көрдім, – деді отанасы Бақытжан Битманова.
Мақсаты айқын, өзінің ғана болашағын емес, ұлт болашағын ойлаған азамат 17 жыл инженерлік қызметтен кейін білген-түйгенін, көрген-үйренгенін жастармен бөлісуді ұйғарады. Осылайша, ұстаздық жұмысқа орналасады. Қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген Бақыт Айдарұлы ауылда 60 адамнан тұратын оркестр де құрған.
– Кешкі сағат 19:00-ден түнгі сағат 24:00-ге дейін 2 айда үйретіп шықтым. Әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ, – деді отағасы Бақыт Кішкенебаев.
Ұлағатты, үлгілі Кішкенебаевтар әулеті – өткен жылдың «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық және қалалық сайысының жеңімпазы. 6 ұл өсіріп, 21 немере сүйіп отырған жанұяны қалалық әкімдік өкілдері арнайы келіп, құттықтады.
– Бұл кісінің отбасы – өнегелі, көпбалалы. Нағыз мерейлі отбасы болып саналады. Отбасы мерекесі күні құтты болсын! Барша қазақстандықты құттықтаймын. Елімізде мерейлі отбасы көбейе берсін. Барлық отбасына құт-береке, бақыт тілеймін, – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Жаубасов.
Көпбалалы отбасының өз заңы бар. Жай заң емес, әулет мүшелерінің қолы қойылып, бекітілген құжат. Бақыт Айдарұлы балаларының біртұтас болуын, отбасы құндылығы мен бірлігін нығайту үшін, жырақта жүрген ұлдарының тәрбиесін қадағалау мақсатында «Отбасылық конституция» құрып, ортақ қағида қалыптастырған. Дәстүр бойынша әр жылдың Наурыз мейрамында қара шаңырақта жиналып, өткен жылға есеп беріп, «Отбасылық конституция» бойынша қорытынды жасайды. Ереже бойынша әрқайсысы өзіне баға береді.
– Бастысы – шындық, өтірік айтпау. Жақсы, ұлағатты болсам екен, болашағымыз дұрыс болса екен деген тілекпен болашаққа бірге кетіп барамыз, – деді Б. Кішкенебаевтың ұлы Шертер Кішкенебаев.
Адамгершілікті, руханиятты нығайтуға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау бүгіннен басталды. Құжатты 14 маусымға дейін аудандық комиссияға өткізу қажет.
Қайрат Советбекұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы