Елордада көпқабатты үйдің тұрғындары мердігер компанияны сотқа берді

16.03.2021 01:51

Нысан екі жыл бұрын пайдалануға берілген

Almaty.tv

Елордада көпқабатты кешен тұрғындары кәріз жүйесін орнатуда жіберілген кемшіліктерге шағымданды. Нысан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда үйді сатып алушылардың сөзінше, содан бері коммуникацияның кем-кетігімен күресіп әлек. Құбырдан шығатын қолқаны қабатын иіс тұрғындарды әбден мезі қылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндайды.

«Отан» тұрғын үй кешенінде 200-ден аса отбасы тұрады. Тұрғындардың айтуынша, пәтерлерде желдеткіш жүйесі орнатылмаған. Сонымен қатар, уақытша салынған кәріз құбыры да жиі толып, жағымсыз иісі халықты әбігерге салады екен.

«Біздің кәріз жүйеміз «Самғау» тұрғын үй кешеніне бағытталған. Сәйкесінше сорғылар да сонда орнатылған. Ал, ол жақта кәріз жүйесі толған кезде сорғылар да істен шығады. Сосын барлық жаман сулар сыртқа ағады. Онымен қоса, қасында мектеп орналасқан, сасық су ол жаққа да жайылады», – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Өскімбаева.

Тұрғындар сотқа да шағымданған. Үйді пайдалануға беру актісінің жарамсыз екенін дәлелдегісі келеді. Коммуналдық қызмет ақысын не себепті төлейтінін түсінбей дал.  Ал, заңгер Мадат Нұрымовтың сөзінше, үйді салу кезінде ғана пайдаланатын уақытша коммуникация жүргізілген.

«Астана су арнасы» техникалық жағдайдың уақытша екенін тікелей көрсетеді. Яғни, қазіргі техникалық жағдай үйді салу кезінде ғана пайдалануы керек. Сонымен қатар, сыртқы желілердің салынбағанын және балансқа ауыспағанын көрсетеді. Сәйкесінше, мемлекеттік органдар бұл үйді пайдалануға бермеуі тиіс еді», – деді басқару компаниясының заңгері Мадат Нұрымов.

Ал, «Астана су арнасындағылар»  аталған тұрғын үйдің кәріз желілері баланста жоқтығын растап отыр. Қалдықтар уақытша орнатылған құбырлар арқылы қалалық кәріз жүйесіне құйылатындықтан қызмет үшін тұрғындардан ақы алатынын айтады.

«Кәріз желілері уақытша жұмыс істейді. Ол жерде уақытша кәріз станциясы салынған. Ағынды сулар қалалық желілерге кетеді. Бұл тұрғын үйде қазіргі уақытта шығыс желілері жұмыс істемейді», – деді Алматы ауданының кәріз жүйесі қызметінің басшысы Алхабек Қажыгелді.

Үйді салған мердігер компания басшылығы да өздерінің кінәсі жоқтығын айтып ақталды. Бұл аумақта ғимараттар енді бой көтеріп жатқандықтан орталық кәріз жүйесі жүргізілмеген. Сол себепті әкімдіктің келісімімен уақытша қосымша сорғы станциясын орнатқан. Халық осы мәселелерді толық шешіп алмай әкімдік пен мердігер компания не себепті үйді пайдалануға бере салғанын түсінбей отыр. Енді мәселенің қалай шешілетіні соттың шешіміне байланысты болмақ.

Қаламқас Нысанбай