Алматыда 17 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды - Мейіржан Отыншиев

25.01.2023 01:52

AMANAT партиясының қалалық филиалы өткен жылы атқарылған шаруаларды қорытындылады

Almaty.tv

Алматыда саяси партияның қалалық филиалы өткен жылы атқарылған шаруаларды қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Филиал хатшысы Мейіржан Отыншиевтың сөзінше, былтыр партия 100 мыңға жуық адамды қамтитын 3 мыңнан аса іс-шара өткізген. Мәселен «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында 5 мыңнан аса бала мектеп құралдарымен қамтылыпты. Ал «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде көпбалалы аналарға тұрақты түрде азық-түлік себеттері беріліп, балаларға арналған тегін ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылған. «Кедергісіз келешек» жобасының арқасында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасына түрлі бағытта көмек көрсетіліпті.

«Жер аманаты» жобасы аясында өңірлік комиссия құрылды. Бұл комиссия заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысын атқарып келеді. Бүгінде «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен қала бойынша пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген 17 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді AMANAT партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев

Сондай-ақ партия ел басына күн туған сәттерде жұртпен бірге болып, еріктілер штабын құрды. Мұқтаж жандарға ыстық тамақ пен керек-жарақ жеткізу жұмыстарын атқарды. Мысалы Қостанай облысында болған өрт салдарынан зардап шеккендерге партия белсенділері 120 тонна азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарын жеткізген.