Бітімгерлер жат жердегі сынаққа қаншалықты әзір?
Қазақстандық әскерилер кезекті рет Таяу Шығысқа аттанады. Мақсат – бітімгершілік миссиясын орындау. Бүгін олар сценарий бойынша лаңкестермен бетпе-бет келіп, бірнешеуін қолға түсірді. Біріккен Ұлттар ұйымының уақытша күштері құрамындағы сарбаздар жарты жылдай тәжірбиесін шыңдап, енді Ливандағы тыныштықты сақтауға аттанбақ. Бітімгерлер жат жердегі сынаққа қаншалықты әзір? Әскери дайындықты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын көріп келді.
Қарулы қақтығыста түрлі жағдай болады. Әскери қызметкерлер кез келген сынаққа дайын болуы тиіс. Сценарий бойынша олар шекара шебіндегі содырлардың көзін жоюы тисі. Әскери дабылдың үні естілген сәтте рота сарбаздары шабуылды үдетті.
Қазір қазақстандық бітімгерлер Ливан еліндегі блок-бекеттерде қалай жұмыс жасау керектігі турасында толығымен практикадан өтіп жатыр. Өзге елдерде жау шебінің қай тұстан қауіп төндірерін болжап білу мүмкін емес. Сондықтан мұндай оқу-жаттығу кешендері аса маңызды.
Бұл – Ливанға аттанатын ротаның 5-легі. Құрамда 120 сарбаз бар. Ол жақта қазақстандық әскерилердің міндеті – патруль, базаны күзету, гуманитарлық жүктерді қабылдау сияқты жұмыстарға қатысу. Бұл ел әскерлерінің шет мемлекетте тәжірибе алмасуына, қазақ әскерінің қауқарын танытуға таптырмас мүмкіндік дейді командирлер.
«Қазір бітімгерлер блок-бекеттерде қызмет ұйымдастыру дағдыларын жетілдіруде. Блок-бекеттерде шекараны күзету жұмыстарымен танысып жатыр. Қазіргі оқу-жаттығу жиыны карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда», – деді бітімгершілік ротасының командирі Данияр Зарипов.
Бітімгершілік дайындық орталығына тек үздік әскерилер қабылданады. Оларға қатаң талап қойылған. Алдымен, әскери дәрігерлік тексеруден өтеді, психологиялық дайындығы, қаншалықты шыныққанына мән беріледі. Содан соң теория мен тәжірибені ұштастырып, дайындық шыңдау қажет. Осы кезеңдердің бәрінен сүрінбей өткендердің бірі – Еркін Нұрғалиев. Өзге елге бітімгерлік миссиясын орындауға бірінші рет аттанғалы тұр.
«Мен жеке құраммен бірге ұжымдағы келісім ұйымының мемлекеттерінің арнайы оқу-жаттығу сабақтарында өз тәжірибемді шыңдауыма мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз блок-бекетте, бақылау бекетінде, өз денсаулығымызды қатерге тігіп, қауіпті қызмет атқаруға үйретеді», – деді бітімгершілік ротасының әскери қызметкері Еркін Нұрғалиев.
Еске салайық, Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік ротасының қызметі ресми түрде 2018 жылы басталған болатын. Содан бері елімізден 120 әскери қызметкерден біріккен 4 рота шет мемлекетке барып, өз миссиясын жоғары дәрежеде орындап келді. Қазір қызу дайындық үстіндегі бұл сарбаздар алдағы жылдың ақпан айында Таяу шығысқа аттанады деп жоспарланып отыр.