Биыл қазақстандық дүкендерден 16 келі зиянды ойыншық тәркіленген

26.05.2022 03:12

Қытайдан әкелген балалар тауарларында 80 пайыз талап сақталмаған

Almaty.tv

Жыл басынан бері қазақстандық дүкендерден 16 келі зиянды ойыншықтар тәркіленген. Санитарлық бақылау комитетінің мәліметінше, олар токсикологиялық және санитарлық-химиялық талаптарды бұзған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жақында ғана тексеруші орган балалар дүкендерінен бензол, фенол және формальдегидтің көп мөлшері бар ойыншықтарды тапқан.

Алматы қаласының тұрғыны Нұрлан Байтыманов 4 жылдан бері ойыншық өндірісін қолға алған. Алдымен ол конструкторларды пластилиннен, содан кейін тағамдық пластмасса материалдарынан жасаған. Өзі бұл ойыншықтардың денсаулыққа еш қаупі жоқ дейді.

«Бізде экологиялық таза пластик бар. Балалар тістей алады, сондықтан оны тамақ пластикасы деп атайды. Бұл оны жеуге болады дегенді білдірмейді, алайда сіз онымен ыдыс-аяқ жасай аласыз. Балаларды әрқашан бақылап отыра алмайсың. Себебі олар әрқашан бір нәрсені тістеп, шұқылап жүреді», – деді конструктор өндірушісі Нұрлан Байтыманов.

Нұрлан Байтымановтың айтуынша, сертификат алу үшін ол зертханаға екі конструктор тапсырған. Біреуін кесіп, тексереді. Екіншісі үлгі үшін қалдырады. Ал санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитеті ойыншықтар талаптарға сәйкес келмесе, оларды сатылымнан алып тастайды және сатушыларға ескерту жазады.

«90 пайызға жуық таңбалау талаптары дұрыс болмаған. Яғни, таңбалау токсикологиялық, санитарлық және химиялық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Мәселен, химиялық көрсеткіштер бойынша формальдегид, бензол, фенол мөлшерінен асып кеткен ойыншықтар бір ай бұрын анықталды», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті департаментінің бас сарапшысы Дамир Тайғұлов.

Дамир Тайғұловтың айтуынша, ойыншықтарға қатысты статистиканы 6 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде радиациялық фоннан асқан ойыншықтар табылмаған. Заң бұзушылықтардың 80 пайызы, ведомство мәлімдегендей, Қытайдан әкелінген балалар тауарларында тіркелген. Жалпы жыл басынан бері қазақстандық нарықтан 16 келі зиянды ойыншық тәркіленіпті. Ал өткен жылы 103 килограмм ойыншықтан анықталған.

«Импорттық ойыншықтарға сәйкестік сертификаттарын заңсыз берілгеніне қатысты өтініш түскенде оларда сынақтар жүргізілмегенін көріп отырмыз. Зертхана аккредиттелмеген. Біз бұл сертификаттың күшін жоямыз, Кеден органына сертификаттардың жойылғанын хабарлаймыз», – деді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Елікбаев.

Көп жағдайда  ойыншық сатып алғанда сапасына емес бағасына мән береді. Ал дұрысы ата-аналар алдымен сатушылардан сәйкестік сертификатын талап етуі керек. Ол оның бала денсаулығына қауіпсіз екенін дәлелдейді.

Қаламқас Нсынабай, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы