Елімізде кәмелетке толмағандар құқығын аяққа таптаған 149 дерек тіркелген

31.03.2023 01:53

Психолог пайымынша, ондай азаматтар өн бойындағы құмарлыққа тұсау бола алмайтын көрінеді

elements.envato.com

Елімізде балаға қырғидай тиетін педофилердің саны азаймай тұр. Қазақ баласының таным – түсінігінде болмаған, сөздік қорына да енбеген атауға құлақ та үйреніп барады. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері елімізде кәмелетке толмаған жеткіншектердің құқығын таптаған 149 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баграм тоғыз жасында таяқтың астында қалған. Ойын баласы сол күні досымен тәттіге таласып қалады. Екеуара бөлісе алмаған соң, жанжалға досының әкесі араласқан. Артынша баламды ренжіттің деп жұдырықтай жөнеліпті. Соққыдан жеткіншектің миы шайқалып, жүйкесіне зақым келген. «Дене жарасы түк емес, жан жарасын кім, қалай емдейді?» деп қапалы анасы.

«Баламның бұл жағдайды ұмытуы үшін бәрін жасадық. Армения мен Грузиядағы туыстарына алып бардық. Бірақ бойында қорқыныш пен үрей қалып қойған. Қазір өзімен-өзі оңаша отырады. Тез ашуланғыш, мінезінде өзгеріс бар. Баламның болашағына қатты алаңдаймын. Ендігі өмірі қалай болады. Соққыға жыққан азаматты бар болғаны 7 күн қамауға алды. Сонымен іс жабылды», – деді қала тұрғыны Юлия Манукян.

Ардан безген азаматтар қазір көбейіп кетті. Ақпарат көздерінен екі күннің бірінде кішкентай қызды зорлады деген мәлімет тарайды. Естір құлақ, көрер көз бұған үйреніп те кетті. Өн бойын құмарлықтың құрты кеміргендер азаймай тұрғанын статистика да растайды. Ішкі Істер министрлігінің ақпарынша, соңғы 3 айда кәмелетке толмағандар құқығын аяққа таптаған 149 дерек тіркеліпті. Құзырлы орган жасаған сараптама нәтижесінде ойын баласының ар – ұятын ойран қылғандардың дені - жақын туыстары, өгей әкесі немесе бірге тұратындар екен.

«Сараптама көрсеткендей, мұндай қиын жағдайға көбіне кішкентай балалар түсіп жатады. Ең өкініштісі, олар бір шаңырақ астында тұрып жатқан жақындарынан зорлық көреді. Мұндай қылмыстардың ашылмай жатуына өзіндік себеп бар. Балалар айтпайды. Сондықтан тергеушінің баланың сеніміне кіру үшін бөлме де арнайы дайындалады. Ол алдымен жақынына айтуы мүмкін. Көп жағдайда олар полицияға ашыла бермейді», – деді ҚР ІІМ аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Гүлжанат Сәден.

Баланың қауіпсіз ортада алаңсыз өсуі отбасына да тікелей байланысты. Былтырдың өзінде тыныштығы бұзылған 100-ден астам жағдай тіркеліпті. Үйдегі зорлық-зомбылыққа қатысты полиция 100 мыңнан астам шағымды тіркеген. Көбінде ішімдік ішкендер жанжал шығарып, әйел, баласын қамшының астына алған. «Осыдан барып баланы қорлайтын, әлі келгені зорлайтын жайттар көбейеді» дейді Аружан Саин.

«Балаға қатысты зорлық-зомбылық белгілерін балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, емхана қызметкерлері, медбикелер немесе дәрігерлер жиі байқай алады. Олар мекеме басшысына көгеру сияқты не болмаса, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқағаннан кейін бірден хабарлауға міндетті. Тіпті, полиция мұндай сын-қатерлерге әрдайым жауап бере бермейді», – деді ҚР Бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин.

«Жас өмірге өшпес дақ қалдырар арам ниеттілердің психологиялық ауытқуы бар» дейді Серікгүл Сәли. Психолог пайымынша, ондай азаматтар өн бойындағы құмарлыққа тұсау бола алмайтын көрінеді. Жалғыз амал санасынан сілкініс жасап тәрбиелеу керек.

«Бұл кәдімгідей құштарлық, педофилдік. Яғни, белгілі бір табуды бұзу. Өзім саналы түрде тұрған кезде бұза алмаймын. Бірақ ұзақ уақыттар бойы сонымен күресіп келеді де, дәл ішкілікке түскен кезде өзін басқара алмайды.  Бейсанадағы табу бұзылды. Педофилдік көрсетті. Фрустрациялық күй жинақталып, табудың бұзылуына әкелді», – деді психолог Серікгүл Сәли.

Қазақстан бала зорлау қылмысы бойынша халықаралық рейтингте 120 мемлекеттің ішінде 46-шы орында. Ал ТМД елдерінде көш бастап тұр. Қуанарлық жағдай емес. Екі күннің бірінде болып жатқан жайттар көрсеткішті арттырмаса, кемітпесі анық. Олқылықты оңалту үшін жалғыз заң аздық етеді. Бұған қоғамның да қолдау танытуы қажет.

Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана