Қазақстандық майнерлердің жұмысы қайта жандана бастады. Еске салсақ, былтыр күзде елде электрэнергияның тапшылығы байқалып, криптовалюта өндіретін майнерлердің жұмысына шектеу қойылған. Рұқсат қайта берілгенімен енді фермалардың электрді тұтынуына белгілі бір шарттар қойылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Энергетика министрлігі цифрлық майнингпен айналысатын адамдар үшін белгілі бір мөлшерде электр энергиясын тұтынуға арналған квота енгізбекші. Жалпы криптовалюта, майнер, ферма деген не? Криптоиндустрияның жайы қазір қалай болып жатыр?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде майнингпен айналысатын 282 тұлға тіркелген. Бұл майнерлер шамамен 850 МегаВатт электр қуатын тұтынған екен. Бірақ бұл - тек ресми ақпарат. Ал заңсыз жұмыс істеген 58 адам анықталыпты. Алдымен криптовалютаның не екеніне тоқталсақ. Криптовалюта - күнделікті біз қолданып жүрген теңге, доллар сияқты валюталардың электронды түрі. Криптоиндустрияда виртуалды ақшалардың он мыңдаған түрі бар. Сондайлардың ең танымалы - биткойн, эфириум сынды валюталар. Криптавалюта арқылы түрлі жолмен пайда табуға болады. Соның көп тараған түрі - майнинг. Жоғарыда айтқан сандық ақшалар майнингтік фермаларда жасалады. Мал емес, ақша өндіресіз. Әрі осы фермалар арқылы валютаны сатып, әлемнің кез келген түпкіріне аудара аласыз. Майнерлер виртуалды ақша жасау үшін қарапайым компьютерді, видеокарталарды және ең бастысы электрэнергияны қолданады. Елде болған электр тапшылығына байланысты соңғы жарты жыл отандық майнерлер үшін оңай болмапты.
«Қызығушылық қазір кішкене төмендеп қалды. Бастапқы себебі бұл криптовалютаның төмендеуі және бізде серый яғни заңсыз майнерлерді анықтау. Қазір біразын анықтап алып, енді заңды жүйеге келтіріп, майнерлерге қолайлы режимдер жасап жатыр», – деді интернет-дүкеннің майнинг құрылғыларын сату жөніндегі сарапшысы Берік Байсапаров.
Әйтсе де заңсыз жұмыс істейтін «қара» немесе «сұр» майнерлердің барын айтуымыз керек. Елдің күдігін тудыратын да осылар. Қара майнерлер кез келген компьютерді бұзып, сол арқылы электрэнергия тұтынады-мыс. Компьютер қолданушысы мұны байқамауы да мүмкін. Сондықтан мамандар белгісіз сайттарға, түрлі спамдарға кірмеуге кеңес береді.
«Сұр майнерлер электрге ақша төлемейді. Сондай-ақ олар есірткі сату сияқты көлеңкелі әрекеттер жасайды. Оларды анықтау өте қиын», – майнер Руслан Темірғали.
Криптавалюта шығаратын заңды фермалар жыл басынан бері ел қазынасына 652 миллион теңге салық төлеген. Ең көп кіріс әкелген Нұр-Сұлтан қаласы. Табыс 277 миллионнан асса, Батыс Қазақстан облысынан – 143 миллион теңге, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарынан – 40 миллионан аса салық түсіпті. Ал Алматы қаласынан майнерлердің есебінен 36 миллион теңге пайда келген.
Майнингпен айналыса алмайтындар дайын монеталарды сатып алып, қайта сатып пайда таба алады. Бұған қаржыгерлер өте қатты күдікпен қарайды. Өйткені қаржы нарығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Криптовалютамен айналысамын десеңіз адам мұқият зерттеп, адамдармен сөйлесіп, тек қана инвестиция ретінде, бос ақшаңыз болса, соның 10-20 пайыз бөлігін ғана салу керек деп есептеймін. Және де одан тез арада пайда күтудің қажеті жоқ», – деді қаржыгер, сарапшы Ербол Жаңабаев.
Ал криптобиржада әр койнды назарынан тыс жібермейтін трейдерлер керісінше, криптобизнеспен кез келген адам айналыса алады деген пікірде. Тек инвестиция саларда, криптовалютаны таңдарда
«Қандай да бір проблеманы шешіп жатыр ма, әлде жай ғана жасалған зат па? Инвестиция жасарда ол бизнес болуы керек. Бизнестің өнімі, заты болу керек. Біз минимум аналог жасау арқылы болашағы бар ма деп көре отырып, инвестиция жасауымыз керек», – деді трейдер Думан Ерқанат.
Сарапшылар криптовалютаның болашағы зор дейді. Қазір бүгінгі дерек бойынша 1 биткойнның құны 13 млн теңгеге бағаланған. Өткен жылмен салыстырғанда криптовалюта бағамы төмендеген. Алайда бұл уақытша тенденция деген мамандар алдағы айда криптовалютаның құны тағы шарықтайды деп болжап отыр.
«Неге өседі деп жатырмыз? Өйткені көп дүниежүзінің ақшасы қазір криптонарыққа кіріп кетті. Өсімі 200-300 пайыз деп айтып жатырмыз. Web-3 келе жатыр. Ол блок-чейн, мета, NFT деген заттар. Бұның жылдамдығы интернеттің жылдамдығындай технологияның онлайн түрін жаңа әлемге алып келеді», – деді трейдер Думан Ерқанат.
Дүниежүзінде Қазақстан криптовалюта өндіретін елдер арасында үздік үштікке енген. Халықаралық компаниялар Қазақстанды криптобизнесті дамыту үшін қолайлы алаң деп бағалап отыр. Ал оны дұрыс бағытқа қолдану, жақсы жолға салу уақыттың еншісінде.