Суда ішек таяқшасы көп: Бесағаш ауылының тұрғындары ауыз суға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Судағы инфекция қалыпты деңгейден асып кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының тұрғындары біраз уақыттан бері денсаулыққа қауіпті, қалдық араласқан су ішіп келген. Бұған дейін халық бірнеше мәрте тіршілік нәрінің сапасына көңілі толмайтынын жеткізіп, оған сараптама жасатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бесағаш ауылында су мәселесі жылдан-жылға қиындап барады. Халықтың апталап су көрмейтіні аздай, зар болып ішіп отырған тіршілік нәрінің өзі лас екені анықталды. Көпшілік «тұрмысымыз одан сайын қиындап кетті» деп отыр. Өйткені қалдық араласқан суды тұтыну тұрмақ, онымен жуыну түрлі ауру мен инфекцияның таралуына себепкер болуы мүмкін.

– Суға зар болып жүргенде, ішіп жүрген тіршілік нәрі қалдықтарға толы екенін білдік. Суды ішпейміз. Жуынуға қаладан тасып әлек болып жүрміз, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Сәбденова.

Бұған дейін арна тілшілері бірнеше мәрте ауылдағы су мәселесін қозғап, әкімдіктен жауап алған. Жергілікті билік тіршілік көзінің сапасына экспертиза жасауды қолға алатынын айтып, уәде берген. Күте-күте жалыққан халық сараптаманы жасатуға бел буып, нәтижесінен есеңгіреп қалған. Құдықтың суында және сол аймақтағы топырақта ішек таяқшасы анықталып, қалыпты деңгейден асып кеткен. Сорғының суындағы 90 пайыз, ал тұрғындардың үйіндегі ауыз суда 80 пайыз су тотыққан.

Айта кетейік, норма бойынша қауіпсіз тотығу деңгейі 7 пайыздан аспауы тиіс.

– Су, топырақ сынамалары алынды. Микробиологиялық құрамы бойынша су талаптарға сәйкес келеді, ал санитарлық-химиялық нәтижелерінің мөлшері жоғары, оның ішінде құрғақ қалдықтар, органикалық және химиялық заттар анықталды. Бұл жерде сантехникалық желілер ескі. Бұл мәселемен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, Бесағаш ауылдық округі әкімдігі айналысады. Біз сумен жабдықтау жүйелерін тазарту және зарарсыздандыру жөніндегі шараларды жүргізу туралы қаулы береміз, – деді Талғар аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бексұлтан Оспанов.

Сапалы суға қол жеткізе алмай отырған жұртшылықтың жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Ал ауыл әкімі мәселе тез арада шешіле қоймайтынын жеткізді. «Қосымша құбырларды орнату арқылы қысымды реттеп, 30 шілдеге дейін тұрғындарға үзіліссіз су келеді» деп сендірді.

– Бізге 200 құбырды жалғау үшін «Алматы Су» техникалық рұқсаттама беруі тиіс. Әзірге олар ауызша келісімін беріп отыр, құбырды босатуын күтеміз. Сосын жұмысты бастаймыз, – деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісов.

Тұрғындар жерде құдық пен оның аумағындағы құбырларға шұғыл түрде дезинфекция жасап, судың тым болмаса кезең-кезеңімен берілуін реттеуді талап етуде.

Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: 6 бала суға батты: мас жүргізуші көлікті басқара алмай қалған

Новости партнеров