Несиелер кешіріледі: интернет алаяққа тап болғанда не істеу керек

27.04.2023 01:54

Қазір мемлекет пен екінші деңгейлі банктер бірлесіп, заң жобасын дайындап жатыр

Almaty.tv

Алаяқтар рәсімдеген несиелер кешірілуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір мемлекет пен екінші деңгейлі банктер бірлесіп, заң жобасын дайындап жатыр. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова сан соғып қалған адам полицияға арызданып, тергеу басталғанын растаса, банк несие бойынша сыйақы мен айыппұлды есептетуді тоқтатады дейді. Сонымен қатар, мәселесі бар несие алушы енді онлайн рәсімдей алмайды.

Несиесін төлей алмай, үстіне қосымша несие алатындарға тыйым салынбақ. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова кейбір азаматтар бір банктегі борышын өтеу үшін, басқа қаржы ұйымынан қарыз алып жабуды әдетке айналдырғанын айтады. Сөйтіп, тығырыққа тірелгендер көбейген. Енді оп-оңай онлайн несие рәсімдегісі келетіндер қатаң тексерілмек екен.

«Несиесін төлей алмағандарға қайтадан несие берілмейді. Сонымен оның борыш жүктемесі өспейді. Біз оны өте маңызды мәселе деп санаймыз», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Интернет алаяқтардың өзге азаматтың атына несие рәсімдеп алу мәселесі де көтерілді. Енді, алданып қалғандар полицияға арызданып, тергеу басталғанын растаса, банк несие бойынша сыйақы мен айыппұлды есептетуді тоқтатады. Қазір осы құжат Мәжіліс қарауына ұсынылған. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы, егер салымшы банктің ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтамауына байланысты шоттағы ақшасынан айырылса, банк оның ақшасын қайтаруға міндетті болады дейді.

«Егер банктің ақпараттық қауіпсіздігі немесе ақпараттық жүйелері салымшының шотынан ақша шешуге мүмкіндік берсе, бұл жерде салымшының кінәсі жоқ. Біз заңнамалық деңгейде банктегі шығынды қайтаруға міндеттейміз. Аталған заң жобасы Мәжіліске маусым айының соңына дейін енгізіледі», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Ішкі істер министрлігі соңғы уақытта интернет алаяқтықтың белең алып бара жатқанын растап отыр.

2018 жылы 4 мыңнан астам факт болса, былтыр 20 444 іс тіркелген. Қазір полицейлер алаяқтықтың осы түріне қарсы арнайы бағдарлама дайындап, жұмыс істеп жатыр екен.

«Киберқылмысқа қарсы тұруға арналған ведомстволық бағдарлама бар. Мұнда банктерден және осы қылмыс жиі жасалатын микрокредиттік ұйымдардан қарыз алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, ауыстырылатын нөмірден түсетін қоңырауды бұғаттау мәселесі пысықталды. 2023 жылдың 3 айында осындай 15 млн қоңырау бұғатталды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов.

Сонымен қатар, Қазақстанда жаңа екі банк пайда болатыны белгілі болды. Екі микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке айналуға ниет білдіріпті. Олардың портфельдері мен капиталдары банк ретінде құрылу үшін жеткілікті екен. Енді Қаржы нарығын реттеу агенттігі жаңа банктерді ашуға қойылатын талаптарды жеңілдету үшін банк жүйесі туралы заңнамаға түзетулер дайындап жатыр. Осы құжат қабылданған соң, екінші деңгейлі банк ашуға ниет білдіретіндер саны көбеюі мүмкін.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы