Аймақтағы жалғыз мекеменің көмегіне қазір 150 адам зәру
Атырау облысында психикалық ауытқуға шалдыққан науқастарға арналған орталыққа адам сыймай жатыр. Аймақтағы жалғыз мекеменің көмегіне қазір 150 адам зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кембағал азаматтарды үнемі үйде ұстау мүмкін емес. Сондықтан оларды жақындары өзге облыстағы орталыққа жіберуге мәжбүр. Психикалық ауытқуы бар азаматтардың алды бұл орталыққа 40 жыл бұрын келген. Солардың бірі - Татьяна Матвеева. Дерттің жеңіл түрімен сырқаттанған ол мамандардың көмегімен бойдағы үрейді жеңіп, кейіннен қолөнермен айналысқан.
«Мұнда келгеніме көп болды. Күніне 3-4 рет тамақтандырады. Мына тоқыма бұйымын шамамен бір аптада істеп шықтым. Бүктеп, қолмен жасап шығамыз», – деді емделуші Татьяна Матвеева.
Татьянадан бөлек, мекемеде 300 адам емделеді. Кейде науқастарды туыстары келіп, біржола үйге алып кететін де жағдай кездеседі.
«Былтыр 2 қызмет алушыны жақындары үйіне алып кетті. Әкесі жолдасын, яғни балаларының анасын тапсырған. Кейін баласы өсіп, анасын өз қамқорлығына алды. Екіншісі де анасын шығарып алып, Құрманғазы ауданына алып кетті», – деді №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлнәр Зинеденова.
Облыста мінез-құлқы бұзылып, іс әрекетін тежей алмайтын тағы 150 адам кезекте тұр. Олар білікті мамандардың көмегіне зәру. Өзекті проблемадан хабардар жауаптылар орын тапшылығын жою үшін тағы бір орталықтың құрылысы жүріп жатқанын айтады. Оған қазынадан 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.
«Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Екінші жарты жылдықта, шілде айында толық іске қосылғаннан кейін, кезекте тұрған ересектерді толығымен орналастырамыз. Сол кезде бұл мәселе шешіледі», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Жылдар бойы кезегін сарыла күткендерге тағы жарты жыл шыдауға тура келеді. Айта кетейік, психикалық ауытқуы бар азаматтарды тәрбиелейтін мамандарға да жағдай жасалған. Жұмысы ауыр қызметкерлердің жалақысы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артыпты.
Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеаранасы, Атырау