Елордадағы «Бақыт» тұрғын үй кешенінің халқы жол азабынан бақытты күн кешіп жатқан жоқпыз деп мұңын айтты. Себебі 2019 жылы қолданысқа берілген үйлеріне әлі жол төселмепті. Қар еріп, жауын-шашын болған күндері жағдайымыз тіпті қиындай түседі дейді тұрғындар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұр-Сұлтанның оң жағалауында орналасқан «Бақыт» тұрғын үй кешені 2019 жылы қолданысқа берілген. Тұрғындар 3 жылдан бері жол машақатын тартып келеміз дейді. Айтуларынша, осы үйге тиесілі жерді «Пионер» тұрғын үй кешенінің мердігері заңсыз иемденіп алған. Салдарынан әкімдік пен мердігер арасында 2 жыл бойы сот ісі жүрген. Ал 2021 жылдың 22 желтоқсанында сот шешімі шыққан. Сол уақыттан бері аудан әкімдігі жолдың қашан салынатыны туралы жақ ашпағанын айтады халық.
«Баламен күнде балабақшаға бару керек. Сондай кезде көп қиыншылыққа тап боламыз. Неше рет әкімшілікке арыз жазғанбыз. Бірақ көріп тұрғаныңыздай әлі күнге дейін осы», – деді қара тұрғыны Айша Байжанова.
Халық қар еріген соң, батпақтың кесірінен балалар тіпті сабаққа бара алмай қалды деп отыр. Ал үлкендердің үйге кіріп шығуы тіпті қиямет қайым болған. Осы жағдайдан кейін тұрғын үй халқы аудан әкіміне хат та жолдапты.
Тұрғындардың сөзінше, тек жол мәселесі ғана емес, гараждардан шығатын қолқанша иіс тағы бар. Әсіресе жаз айларында кейде жағымсыз иістен демалу мүмкін емес дейді.
Бұл гаражды әкімдік қазір алып тастай алмаймыз депті. Себебі оны сатып алған адам толық қарызын өтеп бітуі керек екен. Ал жол мәселесі бойынша аудан әкімдігі жауап берді. Сөздерінше, сот шешіміне сәйкес мердігер компанияның ісі заңсыз болған. Енді келесі аптаға дейін жол салуды бастаймыз деп уәде етіпті.
«Бүгінгі күні соттың шешімі шықты. Сот орындаушысына біз аудан әкімінің атынан техника беріп, тұрған қоршауды бұзуға дайынбыз. Соны сіздерге жеткізуге келіп тұрмыз алдарыңызға», – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев.
Енді жауапты мамандар 10 күн ішінде осы жерді бұзады да, орнына жол салады. Ал тұрғындар 3 жыл күткен жолымыздың мәселесі шешіледі деп үміттеніп отыр.
Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы