Жалпы, облыс бойынша саяхатшылар аралайтын 60-қа жуық қасиетті орын бар
Былтыр 1 жарым миллион саяхатшының табаны тиген Түркістан облысына келетін туристердің арасында Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ақ мешіт үңгіріне қызығушылық жоғары. Түркістан қаласы облыс орталығы болғандықтан, туризм қаланың басты даму бағыттарының бірі саналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркістан облысында қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен киелі мекендер көп. Солардың бірі – Ақ мешіт үңгірі. Киелі мекен Шымкенттен шамамен 90 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Үңгірдің іші күмбез іспеттес. Ені 60-80, ұзындығы 120 метр. Іші 1 гектардан аса жерді алып жатыр. Мұнда келушілер қатары күн санап артуда. Бұл үңгірдің өзіндік тылсым сыры барын сезінгендер аз емес.
Ақ мешіт үңгірінде температура қысы-жазы +18-20 градус болып тұрады, өзгермейді. Бұл жерге келушілердің сөзінше, мұнда олар өздерін жақсы сезінеді. Тіпті зерттеулер де үңгірдің тылсым күші бар екенін көрсеткен. Қан қысымының төмендеуіне септігін тигізеді екен.
«Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мекемесінің жүргізген зерттеу жұмыстары бойынша, киелі мекенге жылына 100 мыңнан астам адам ниет етіп кетеді екен. Солардың арасында соңғы жылдары мұнда әсіресе, перзент сұрап келетін жандар көбейіпті. Олардың басым бөлігі еліміздің азаматтары. Сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен арнайы іздеп келетіндер де бар көрінеді.
«Үңгір туралы көптеген аңыздар өте көп. Көне Ақ мешіт аталғанға дейін үңгірді «Айдаһар үңгірі» деп атаған дейді. Өйткені бұл жерде үлкен жыландар немесе айдаһарлар мекен еткен деседі. Қазірдің өзінде үңгірдің сыртында да, ішінде де жыландар өте көп. Құстар да көп болатын бұры, қазір туристердің көбеюіне байланысты олардың көп түрі кетіп қалып тек қана түнгі жарқанаттар, қарғаның бір түрі, үңгірдің үкісі ғана қалды», – дейді Түркістан облысы Бәйдібек ауданы тарихи-табиғи мұраны қорғау орталығының маманы Әбдіразақ МӘУЛЕНОВ.
Бәйдібек ауданындағы тағы көне орынның бірі – Аппақ Ишан мешіті. Іргесі алғаш 1864 жылы қаланғанбұл мешіттің құрылысын Қосым баба бастап, баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ Ишан аяқтапты. Бүгінде тарихи орын мемлекеттің қорғауына алынған. Мешіттің жоғары жағынан тіпті ерекше көріністі тамашалауға болады.
Ғасырлар бойы сақталып, ХХІ ғасырға жеткен Арыстан баб кесенесі ерекше келбетімен зерттеушілерді әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Шымкент қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан кесене 1982 жылдан бері мемлекеттің қорғауына алынған. Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөліктерден құралған. Жанында қасиетті құдығы да бар.
«Арыстан баб – Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға Исламды насихаттаған ірі діни тұлға. Ұзақ жасаған. Бабтардың бабасы болған. Қода Ахмет Яссауи бабамыздың ұстазы. Яғни аманат жеткізуші. Арыстанбабтың қасында жатқан екі шәкірті – Лашын баб және Қарға баб, екеуі де өзімен бірге еріп келген. Және осында шырақшы Шерімбет бабаның қабірі де бар. Жалпы бұл жерде төрт атаның сүйегі жатыр», – дейді Арыстан баб кесенесінің шырақшысы Нұржан ЗИЯҰЛЫ.
Түркістанға келуге, оның басты символы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге құмартқандардың қатары биыл жылдағыдан едәуір артқан. Жұртшылықты жеті ғасырлық тарихы бар ғимараттың сәулеттік ерекшелігі сүйсіндіреді. Яссауи мен Әмір Темір туралы айтылатын аңыз-әңгімелерге елітіп, ерекше әсерге бөленеді. Әзірет Сұлтанның ішіне жерленген хандардың, сұлтандар мен батыр, билердің саны 200-ден асып жығылады. Оның 20-дан астамы хандар.
«Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірі болып саналады. Әмір Темір өз дәуірінде осындай 4 ірі құрылыс салдырған. Оның үшеуі Самарқанд, Регистанда, жалпы сол құрылыстардың ішінде осы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі ғана толығымен түпнұсқа күйінде сақталған», – дейді «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің экскурсия жетекшісі Әсем ОРЫНБЕКОВА.
Көбіне Өзбекстан, Түркия, Ресей, Голландия, Франция сынды елдерден келушілердің қарасы қалың. Кесене ЮНЕСКО қорғауында. Онда қадам басқан сәтте ортасында орын тапқан тайқазан көпшіліктің көзіне түседі. Салмағы - 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр шығатын тайқазан 7 түрлі металлдан құйылған. Ерекшелігі – мұнда тамақ дайындалмаған, тек жұма күндері ішіне су құйылып, қант қосылып, зәм-зәм суы ретінде халыққа таратылған екен.
Түркістан облысында саяхатшылар аралайтын 60-қа жуық қасиетті орын бар. Оның арнайы бағыты әзірленген. Қосымша тағы 16 туристік нысан бой көтермек. Олардың арасында музыкалық су бұрқақ, визит орталығы мен ашық аспан астындағы мұражай бар. Ескерткіштерді цифрландыру және нысандарды аудиогидпен қамту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы