Түрксіб ауданы Наурыз мерекесін «Көктем шақырады» атауымен тойлады

23.03.2022 в 01:55

Мерекелік шарада Түрксіб ауданына қарасты мекемелер 10-нан астам киіз үй тігіп, беташар, тұсаукесер рәсімдерінен көріністер қойды

Алматының Түрксіб ауданы Наурыз мерекесін «Көктем шақырады» атауымен тойлады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер де шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, спорттық сайыс түрлерінен жарыстар ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Түрксіб ауданы тұрғындары ауа райының қолайсыздығына қарамастан мерекеге ерекше дайындалған. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән Наурыздың сәнін келтірді. Ұлттық нақышта киінген қариялар мен әжелер наурыз көжеден дәм татып, мерекенің мән-мағынасы жайлы ғибратты әңгіме өрбітті.    

«Бәріне денсаулық, ашық аспан тілеймін. Наурыздан наурызға жете берейік», – деді қала тұрғыны Сейітбек Сүлеймен.

«Халыққа тілейтінім тек дені сау болсын. Алла сұраған тілектерін қабыл етсін. Ақ мол болсын», – деді «Сенім»вокалдық ансамблінің жетекшісі Тұрсынай Күдерина.

Мерекелік шарада Түрксіб ауданына қарасты мекемелер 10-нан астам киіз үй тігіп, беташар, тұсаукесер рәсімдерінен көріністер қойды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін сахнада өнер көрсетіп, ұлттық дәстүрді жұртшылыққа паш етті.  

«Қазір бізде тымақ тарту, асық ату секілді ұлттық ойындар боп жатыр. Мысалы мен күн сынасудан бірінші орын алдым», – деді жас спортшы Данель Жанатбек.

Бір шаңырақ астындағы бірнеше ұлтты татулық пен бақытқа бастайтын Наурыз мейрамы елімізге жақсылық пен молшылық сыйласын деген тілектер айтылды мұнда.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы.