Жамбыл облысында 40-қа жуық жүк көлігі діттеген жеріне жете алмай жарым жолда қаңтарылып тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықтық тұтыну тауарларын тиегендер Ресейге осыдан 15 күн бұрын жүруі тиіс болған. Бірақ жүргізушілер негізсіз тексеруге тап болдық деп наразы. Тіпті, жергілікті құзырлы орган жеке бас құжаттарын да тартып алған көрінеді. Бірақ тексеріс жұмыстары тоқтап тұр дейді.
Меркіде екі аптадан бері қалған қырғыздық жүргізушілер ауданның мемлекеттік кірістер басқармасы шекарадан өте салысымен тұраққа кіргізіп тастады дейді. Олар Қырғыз елінен тиелген халық тұтынатын таураларды Ресейге жеткізуі тиіс екен. Бірақ 15 күнен бері жолға шыға алмай жатыр. Жүргізушілер шекерадан өткізген көліктерді кірістер басқармасы ұзақ уақыт тексеруін түсінбейді.
«Біріншіден, тексерейік демейді. Екіншіден, транзитті тоқтатуға болмайды. Үшіншіден, Кедендік одақ не үшін керек? Осылай қинап, жалғаса беретін болса оны неге құрды? Қайта ол жоқ кезде жақсы еді. Проблема болмайтын. Бұл жерде қазақстандық әлде кімдердің мүддесі жатыр?» – деді Қырғыз республикасының азаматы Виктор Рыжов.
«Ешқандай жағдай жасалмаған. Автотұраққа тәулігіне 4 мың теңге төлейміз. Бәрін алып қойды, құжаттарымызды қайтармайды. Салықшылар бізге тек төлқұжатымызды ғана берді. Қалған жүргізушілердікін мүлде бермеді», – деді Қырғыз республикасының азаматы Владимир Чугуев.
Жүргізушілер тауарының қасында түнеуге мәжбүр. Себебі көліктері жекенің жерінде тұрғандықтан, қауіпсіздігі үшін қорқады. Мұндағы әр камаздың ішінде 12 тоннадан бастап, 20 тоннаға дейін киім тауары тиелген. Дегенмен аудандық кіріс басқармасындағылар тексерусіз тұр дегенді жоққа шығарып отыр. Тек тексеретін маманның аз екенін айтады. Оның үстіне тасымалданған тауарлар қырғыз емес, өзге елдің өнімдері болу мүмкін екен.
«Жалған құжат бойынша ол жерде деректер бар. Сол деректер бойынша біз тексеріс жүргіземіз. Егер анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. 7 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін», – деді Меркі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Елдос Байымбетов.
Тауар тасығандар қанша тағат таппаса да, тексеріс бір ай көлемінде жүргізілмек. Сондықтан жүргізушілердің күтуден басқа амалы болмайын деп тұр.
Мерей Бает, Нұрлыбек Ержанұлы, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан