|
21.01.2022 | 20:56
1015

Қазақстанда байлықтың көбін 162 адам иеленген: Тоқаев нақты тапсырмалар берді

"Халықтың басым бөлігінің кірісі 50 мың теңгеден аспауы – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер" деді Президент

Қазақстанда байлықтың көбін 162 адам иеленген: Тоқаев нақты тапсырмалар берді Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 162 адам байлықтың жартысын иеленген. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында айтты. Ал халықтың басым бөлігінің кірісі 50 мың теңгеден аспайды. Мемлекет басшысы мұндай табысқа өмір сүру мүмкін емес, жағдайды шұғыл түрде өзгерту керек деген тапсырма берді. Сонымен қатар, елде саяси трансформация және қоғамды жаңғырту саясаты жалғасатынын жеткізді. Бұл ретте бизнес қоғамдастықты жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру ісінде бірлесе жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Президент ірі бизнес өкілдерімен ашық диалог орнатты. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы халықтың айлығы шайлығына жетпейтінін сынға алды. Ұлттық табыс бойынша өткен жылы бизнес ең жоғары үлеске ие болған. Ол 61,5 пайызды құрапты. Салықтың үлесі 7,3 пайыз болса, қазақстандықтардың жалақысы үштен бір бөлігіне де жетпейді екен. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр деп атап өтті.

«Біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады», - дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Енді елде жүргізілетін жаңа реформаның мақсаты тартып алу немесе қайта бөлу емес екенін мәлімдеді. Президент жаңа экономикалық саясаттың негізгі принциптері адал бәсекелестік, қабылданған шешімдердің ашықтығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің салықтық адалдығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі екендігін баса айтты. Ел дамуындағы оң өзгерістер көп жағдайда бизнеске байланысты екенін айтқан Президент кәсіпкерлердің де құқығы қорғалатынын жеткізді. Олардың құқығын бұзуға қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Алайда Мемлекет басшысы салық төлеуден жалтарғандармен күресуді де басты назарға алды.

«Ірі компаниялардың салық төлеуі, өздеріңіз білетіндей, бітпейтін жыр. Бізде арнайы органдардың деректері бар. Олар табысы жоғары алпауыттардың түрлі сылтаумен салықты толық төлеуден жалтарғанын көрсетеді. Премьер-министрге тапсырма беремін. Осы мәселемен айналысып, қазынаны соған байланысты қаражатпен қамтамасыз ету керек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, кездесу барысында сатып алу саласындағы мәселелерді шешуге бір ай уақыт берді. Әсіресе «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына ерекше назар аудару керек екенін айтты. Бұл қордың газ саласындағы жұмысын реформалау қажеттігін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, мемлекет пен шағын және орта бизнес арасындағы сенімсіздік артып келеді. Әсіресе COVID-19-ға байланысты карантин шаралары қатаңдатылуы жағдайды ушықтыра түскен. Сондықтан шағын және орта бизнеске қатысты қатаң каратиндік шаралардың тиімділігін зерделеу қажет болып отыр. Президент бизнесмендерге жиі кездесіп тұруға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде кәсіпкерлерді бүгінгі жиыннан көп ой түйгенін айтты.

«Президент бүгін бизнес саласында реформалар жүргізілетінін айтты. Әсіресе әлеуметтік жауапкершілік дегенді ұмытпау керек екенін еске салды. Маман тапшылығы мәселесі шынымен де бар. Біздің компания агроөнеркәсіп саласымен байланысты. Мәселен, кадрлардың жоқтығын біз қатты сезініп жүрміз. Солтүстікке оңтүстіктен көшіру бағытында біз де, мемлекет те жағдай жасап жатсақ та, адамдардың келгісі жоқ. Осы мәселені тағы бір қарау керек сияқты», - дейді жеке кәсіпкер Әлихан Талғатбек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шетелдік жұмысшыларға арналған квоталарды тоқтатуды тапсырды. Бұл мәселеде елімізде жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе жастар саны жеткілікті деп атап өтті. Нарыққа қажет маман тапшылығы проблемасын шешу үшін «Болашақ» білім беру бағдарламасының бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Сондай-ақ бизнесмендерді отандық жоғары оқу орындарын қамқорлыққа алуға шақырды.

Президент  бір күндік жалақыны «Қазақстан халқына» қорына аудару бастамасын да сынға алды. Бұл «мүлдем қажетсіз» екенін айтып, бюрократтық формализмсіз жұмыс істеуге шақырды. Қордың жұмысы ашық жүргізілетінін еске салды. Барлық ірі компания салық салынған кірістің белгілі бір процентін қорға салып отырады. Оның мөлшерін үкімет анықтайды. Осы бастамаға кәсіпкерлер шынайы қолдау білдіріп, жобаның ойдағыдай іске асуына көмектеседі деп үміттенемін»  деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир