Алматының ауасы тазарып, қылмыс деңгейі 30 пайызға төмендеді

14.05.2020 01:56

Мегаполис көшелері кептелген көліктен арылып, толассыз ағылған адам саны қысқарды

Almaty.tv

Алматыда карантин енгізілгелі бері қаланың тыныс-тіршілігі жақсарып, қылмыс деңгейі 30 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов «Алматы» телеарнасының «Акимат Лайф» бағдарламасында мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол жергілікті экологтар карантин қаланың ауасына да едәуір әсер еткенін айтты.  

Бүгінде Алматыда карантин режимі әлі күшін жоғалтқан жоқ. Тәртіп сақшылары шаһарда қылмыс деңгейі 30 пайызға азайғанын айтады. Мәселен, қалада бұзақылық, ұрлық, қарақшылық сияқты қылмыстар бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір аз тіркелген.

«Қаладағы қылмыс деңгейі төмендеді. Бұған қоса, көшелерде, аулаларда қосымша жасақтар тартылғандықтан, ұрлық, бұзақылық көп болған жоқ. Ондай факт болғанның өзінде, көшедегі көп сақшының арқасында қылмыстың 60 пайызға жуығы тез әшкереленді, яғни қылмыстың ізін суытпай ашылуына септігін тигізді», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.

Десе де, карантин қалаға бір сәт тыныштық әкелгендей. Алматының көшелері кептелген көліктен арылып, толассыз ағылған адам саны қысқарды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қалада жол көлік оқиғалары да айтарлықтай азайған.

«Алматыда қала бойынша 500 мың автокөлік тіркелген. Ал оған облыстан келетін 250 мың көлікті қосқанда, шаһар көшесімен 750 мың машина жүріп өтетін. Бұл қалаға айтарлықтай салмақ салады. Ал карантин кезінде бұл көрсеткіш бірнеше есе түсіп, бір күнде 15 мыңдай машина жүретінін анықтадық», – деді Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.

Сонымен қатар, шаһардың бас полицейі карантин кезінде заңсыз жұмыс істеген 150 таксистің қатаң жауапкершілікке тартылғанын айтты. Олар қала маңындағы ауылдар арқылы ішке кіріп-шығып адам тасыған. Ал қалалық экологтар оқшауланған мегаполистің климаты түзеліп, ауасы жақсарғанын байқапты.

«Ауаны транспорт, үйлердің түтіні сияқты факторлардан бөлек, қалада жұмыс істеп жатқан кәуапхана, кіші зауыттар, кафе сияқты кәсіпорындар да ластайды. Сондай-ақ қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, ол да қоршаған ортаға кері әсер етеді. Жалпы, карантин кезінде шаһардың ауасы тазарғанын байқаймыз. Әсіресе, қазір лас ауаның салдарынан түрлі аллергияның қозатын уақыты болғандықтан, аллергетиктер үшін жақсы болды», – деді эколог  Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.

Табиғат жанашырларының мәліметінше, бүгінде қалада 2 миллионға жуық ағаш бар. Бұл орта есеппен, бір адамға жарты ағаштан келеді деген сөз. Сондықтан шаһарды қосымша көгалдандыру қажет дейді экологтар.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы