«Той-томалақ екі жылға тиылсын». Мұндай ұсынысты қоғам қайраткері Аружан Саин ұсынып отыр. Алайда тойда ән айтып, нәпақа табатындарға бұл сөз жақпады. Ал, бұған қарапайым халық қалай қарайды? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың сюжетінде.
Әлемді әлекке салған пандемия болмаса, қазір той-томалақтың дүркірейтін маусымы. Тірнектеп жинағанын тойда шашатын жұрт айлар бойы думансыз жүр. Ол былай тұрсын енді той жасауға екі жылға дейін тыйым салу ұсынылды.
«Неге екі жыл? Себебі Дүниежүзілік денсаулық ұйымы мен ғалымдардың зерттеулері бойынша бұл індеттің жойылуы үшін керек уақыт. Мен ол мәлімдемені жасамастан бұрын, ғаламтордағы ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен танысып шықтым. Бұл инфекция 1 айда немесе жарты жылда жойылып кетпейді. 2 жылдай коронавируспен өмір сүруге мәжбүрміз», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткері Аружан Саин.
Ал, үнемі той-думанның ортасында жүретін әнші Айқын Төлепберген бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы. Ол өз пікірін инстаграм парақшасында жариялады.
«Байқасаңыздар, көбіне тойға тиісетін және тойды бос әуре санайтындар, орыстілді тәрбие көріп өскендер. Оларды да түсінуге болады. Олар той дегенді тек «үйлену той» деп қарастырады. Тойды тек мейрамханадағы отырыс ретінде қарастырады. Қайдан білсін, тойдың «болғанынан боладысы қызық» және тұнып тұрған салт-дәстүр мен дайындық екенін», – деді әнші Айқын Төлепберген.
Той бизнесінің тоқтауы мыңдаған адамның жұмысына кері әсерін тигізді. Бірнеше ай бойы мынадай тойханалар қаңырап бос тұр. Ал асабалар өзге кәсіппен айналысып күнін көруде.
15 жылдан бері асаба Айдос Қызайбеков, осыдан 8 жыл бұрын өз мейрамханасын ашқан. Карантин жарияланғалы бері екі табыс көзінен де қағылыпты. «Тоймен жанын бағып жүрген әріптестерім де үлкен соққы алып отыр», – дейді ол.
«Мен танитын сол асабалық жұмыста жүрген, кәдімгідей үлкен сахнада жүрген кісілердің кей кезде такси боп, адам тасып, ақша тауып жатырмыз дегенін естіп жатырмын енді. Соның да куәсі болып жатырмыз. Жұмыс жоқ болса, басқа не істейді?» – деді асаба Айдос Қызайбеков.
Аружан Саинның бұл ұсынысына қатысты халықтың пікірі де екіге бөлінген. Бірі бұл бастаманы құптаса, енді бірі тойсыз тіршілігін елестете алмайды.
БЛИЦ:
– Енді аз болса да, көптей көріп қуанышымызды бір 30-40 шақты адамға бөліскеніміз дұрыс деп ойлаймын.
– Мен негізі қолдаймын. Тойға біздің қазақтар көп ақша, шығын кетіреді ғой. Сол үшін және коронавирусты ушықтырмау керек. Бақылауда ұстап тұру керек.
– Жалпы тойлардың болуына үзілді-кесілді қарсымын. Болашақта үйленіп жатсам да, мысалға, ақ неке қиылып, одан кейін барып екеуі демалып келу деген сияқты болады ғой.
Тойды екі жылға шегеру керек деген ұсыныс ғана. Ал, ондай шешімді тек билік тарапы қабылдауы керек. Алайда алдымен елдің өзі сақтық шараларын сақтағаны жөн дейді мамандар.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, Мұрат Тайжанов, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы