«Түн ұйқымыз төрт бөлінді»: Алматы облысының тұрғындары ағаш цехінің жұмысына наразы

03.06.2022 05:01

Кәсіпкер елдің пікірне құлақ аспай отыр

Almaty.tv

«Түн ұйқымыз төртке бөлінді». Қатты дыбыстан жапа шектік деген Жауғашты ауылының жұрты не ағаш кесетін цехті, не өздерін өртемек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысы Іле ауданында қарасты елдімекенде 2 жылдан бері жұмыс істейтін шағын кәсіпорын тұрғындардың әбден тыныштығын алса керек. Ал жергілікті әкімдік жеке кісіпкерге еш шара қолдана алмаймыз деп ақталумен шектелді.

«Сэс тексерді. Әкім егер арнайы шешім болса жер беретінін айтқан.Басқа не керек», – деді жауғашты ауылының тұрғыны Зарина Тоқымбетова.

Таңнан тарсылдаған техника тынышымызды алады деген ел, баламызды талай мәрте камаз басып кете жаздады дейді. Жергілікті учаскелік полиция тек ескертумен шектеледі.

«Мен сендерге құжаттарды көрсетуге міндетті емеспін, менің ауламнан шығыңыздар. Біздің цехтан қатты дыбыс шықпайды. Біз барлығын қоршап қойдық. Қатты дыбыс шықса да ол осында қалады», – деді ағаш кесетін цехтің басшысы Лариса Докторович.

Кәсіптің иесі қанша ақталғанымен Денсаулық сақтау министрілігінің бекіткен нормасына сай болмай шықты. Бір ай бұрын тексеруге келген сала мамандары да мұны растап отыр.

«Өлшеу нәтижелері бойынша тұрғын үйлердің аумағында шудың рұқсат етілген шекті деңгейінің артуы анықталып отыр. Бұл Денсаулық сақтау минстрілігінің бекітілген адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигеникалық нормативтерге сәйкес келмейтінін анықталды», – деді Алматы облыстық санитарлық - эпидемиялық қадағалау департаментінің ресми өкілі Әлия Шағиахмет.

«Осылай даусы қатты естіліп тұрады. Терезені де аша алмаймыз. Балаларға өте зиянын тигізіп жатыр. Балаларда аллергия пайда болды. Кім рұқсат берді?», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Самал Есенбаева.

Көптен бері көптің көңілін күпті еткен мәселеден жергілікті билік хабардар. Алайда, шыдамы біткен жұрттың шағымын округ басшысы елемеді ме әйтеуір заңгерін жіберумен ғана шектелді.

«Рұқсат берілген екен. Бұл кісілерге рұқсатты аудан берген. Біз жұмысын жаба алмаймыз. Өйткені тұрғындарға сотқа жүгіну керек. Енді қарап келіп тексердік, түсіндірме жұмысын жүргіздік», – деді Междуречинск ауылдық округі әкімдігі аппаратының заңгері Қайырхан Жұмекенов.

Ереже бұзғандары анықталса да тек ескерту ғана беретін әкімдікті де тексеру керек дейді тұрғындар. Ал, елдің есін алған цех әзірге әлі жұмыс істеп тұр.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы