Арыстағы жарылыс кезінде бір адам қаза тауып, 31 адам медициналық мекемеге жеткізілді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған оқиғамен танысу үшін Түркістан облысына өзі ұшып шығады. Бұл туралы Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысымен бірге премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек және құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары да барады», - деп жазды Берік Уәли.
Президент түске дейін Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыстағы жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыстың себептерін анықтауды тапсырған болатын.