Алматы облысында тұрғындары жол жөндеуге бөлінген 32 миллион теңгені іздеп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қарасай ауданы жол қатынастар бөлімінің мамандары ақпарат шындыққа жанаспайды дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы облысында жол салу үшін бөлінген 32 миллион теңге жоғалып кетті». Дәл осылай деп арнамызға шағым айтқан Әйтей ауылының тұрғындары көп жылдан бері жол азабын тартып отырғандарын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әуыл әкімі бірнеше рет уәде берді деген жұрт мәселенің мән-жайын біле алмай отыр. Жиырма жылдан бері қиналған жұрт жедел жәрдем шақырса «науқасты тас төселген жолға әкеліңдер, біз жете алмаймыз» деп келмейтін көрінеді. Себебі, саны бар сапасы жоқ жолдан көлік түгіл адамның өзі әрең жүреді.

«Кеше сағат 14.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жаңбыр жауды. Су үйге кірді. Үйінде адам болмаса су алып кетеді ғой», – деді Әйтей ауылының тұрғыны Зәурехан Кенжеева.

Жаңбыр жауса көшесі көлшіктен көз ашпайтын ауылдың адамдары, баспанасын су басып қалмасын деп суды шелектеп сыртқа тасиды. Есеп бергенде сандарды «сөйлететін» ауыл әкімін көпшілік сирек көреді.

«Қазіргі заманда осылай халық тұра ма? Адамдар космосқа ұшып жатыр, біздің жолдың сұры мынау. Батпақтан шыға алмай жатырмыз. Менің үйім құлайын деп тұр», – деді Әйтей ауылының тұрғыны Сара Жаппаровақ.

Балақтан батпақ кешіп, көшесін даулаған дүйім елдің алдына әкімнің орынбасары келді. Жол жақында жөнделмесе тас төсеп берсін деген тұрғындарға ауыл басшылығы техника жоқ деп ақталды.

«700 метр Байқоңыр көшесін жөндедік. Енді Алатау көшесін жасаймыз. Бұл көшеге орташа жөндеу жұмысы керек. Әуелі әлеуметтік нысандарды, аурухананы, адам көп жүретін жерлерді жасаймыз», – деді Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулет Омаров.

Ал Қарасай ауданы жол қатынастар бөлімі, 32 миллион ақша бөлінді деген шындыққа жанаспайды деп отыр. Себебі, ауылдағы 24 көшенің тек 11-не ғана қаржы бөлінген. Ал бұқара айтқан Байқоңыр мен Алатау көшесі тізімде жоқ.

«Көше ұзындығы 500 метрден асады. Оны білеміз. Бүгінгі күні ол жолды жөндеуге тиісті қаражат бөлінбеген. Былтыр да, биыл да бөлінген жоқ. Жоспарда бар, техникалық құжаттарын әзірлеп бюджетке бердік», – деді Қарасай ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев.

Аудан билігі ауылдағы жолға қатысты жобалық-сметалық құжаттама барын жеткізді. Ал уақытша тас төсеу мәселесін округ басшысы шешуі керек.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров