Электр желісіне жауапты компания трансформаторлық қосалқы стансаға уақытша иелік етеді екен
«Электр желісі дұрыс жұмыс істемейді, 7 жыл бойы қиындық көріп келеміз». Бұл – арнамызға хабарласқан Алматының Түрксіб ауданына қарасты Жас қанат шағынауданы тұрғындарының шағымы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше болған апат көптің көкейіндегі қорқынышты үдеткен. Мұнда күн райы құбылса, тұрғын үйлерде жарық өшіп, жеделсаты жұмысын тоқтатады. Соның салдарынан лифт ішінде қамалып қалғандар да көп. Мұндағы ел қазір техниканы токқа қосуға қорқады. Өйткені желіге күш түссе, тұрғын үйде бәрінің жағдайы нашарлайды.
– Қазір лифт істемейді, өшіріп тастады. Ток екі фазамен ғана тұр, үш фазамен қосылуы керек еді. Біздің тұрғын үйді қасымыздағы №22, 23 үйге қосып қойды. Түнде жарық тағы өшті. Техника, күр жуатын машина қосылғанда, өшіп қалды. Оны қосуға да қорқып қалдық, – дейді қала тұрғыны Кенжегүл Мұқанова.
– Құны 1 млн теңгелік автоматты ауыстырғанымен, еш қайыр болмады. Жер астында желі үзіліп кеткен, ешкім тапқан жоқ. Түнгі сағат 24:00-де жарық тағы өшті, – дейді қала тұрғыны Елтай Мақсұтұлы.
2016 жылы қоныс тойын тойлаған жұрт «арада 7 жыл өтсе де, жылда жыр қылар мәселеміз – осы» дейді. Меншік иелері бірлестігі де бұған дейін желінің жұмысындағы ақауды анықтамақ болған.
– Қалай жаңбыр жауады, солай автомат өшіп қалады. Электрик бір ай бойы істеп берген соң қайта қосамыз. Жаңбыр жауып, күн бұзылса, қайта өшіп қалады. Мекеме мамандарының айтуынша, кабель үзілген, – деді Мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі Мұхит Нұров.
Шағынаудан жұртының шағымын тыңдауға аудандық әкімдіктің өкілі де келді. Бірақ бас маман басты сұраққа бірізді жауап бере алмады. Өйткені электр желілері қазір компанияның қарауына берілген.
– Бұл үйлер құрылыс басқармасының тапсырмасымен салынған. Құрылыс басқармасының мердігер ұйымы салынған трансформаторды «Алатау Жарық» компаниясының теңгеріміне өткізуі керек еді. Бұл сұрақтарды құрылыс басқармасына қою керек, – деді Түрксіб ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Мөлдір Мамедина.
Электржелісі жөніндегі жауап осылай болғандықтан, жеделсатының жайын сұрадық. Бас маман бұл мәселе бүгін нақты шешілетінін айтты. Ал шағынаудандағы электр желісіне жауапты компания трансформаторлық қосалқы стансаға уақытша иелік етеді екен. Бұл келісім биыл қыркүйекте аяқталады.
– «Жас қанат» ықшамауданындағы трансформаторлық қосалқы стансалар біздің балансымызға өтсе, толық қызмет етіп, апатты жағдайдың алдын аламыз. Ертең ықшамауданға шығып, ол жерде қандай мәселе барын анықтап, бір шешімге келуге тырысамыз, – деді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қалалық электр тораптарының басшысы Шерхан Торғаев.
Электр желісінің тұрақсыз жұмыс істеуі екі бірдей тұрғын үйдің жұртын жылдар бойы әбігерге салып келді. Жарықтан бөлек, мұнда шешімін күткен мәселе көп.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы