Сабаққа баламды жібермеймін: Көлік апатынан жүрегі шайлыққан тұрғындар шығымын жеткізді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті билік мәселені шешуде дәрменсіз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сабаққа баламды жібермеймін». Қауіпті жолды жағалап мектепке баратын оқушыларға автобус керек деген Алматы облысының тұрғындары күре жолға жиналып, шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жолдан жүрегі шайлыққан жұртқа құрылған қақпандай болған автобус мәселесі де, даурыққан жұртты айналып өтпепті. Таңның атысы кештің батысы оқушылар да мектепке осы жолды жағалап барады екен.

«Жолды қарасаңыз көліктер жылдамдықпен жүреді, біз күнде баланы жетектеп алып барамыз. «Иә,Алла! Иә, Алла!» деп жүреміз жолдың жағасында. Не жолаяқ жоқ, не болмаса шам, не белгі жоқ. Білмеймін қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Тілепалды Іліпов.

«Біздің қорқамыз. Балалар күнде мектепке жаяу жүреді. Біз әкімшілікке арнайы автобус сұрап бардық. Бірақ біздің жағдайымызды ешкім сұрап барған жоқ. Ертең менің баламды қағып кетпесіне кім кепіл? Кім кепіл бере алады?» – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Іңкәр Төлегенова.

Тұздыбастаудан тысқарыдағы білім ордасына қазір күніне мыңдаған бала барып, білім алады. Ал ауылға келетін кей қоғамдық көліктер келмейді. Ал жергілікті билік бұл мәселеге келгенде дәрменсіз екен.

«Ол менің құзыретімде жоқ, мен ешқандай автобус жүргізе алмаймын. Ол автобус қала әкімшілігімен бекітіледі. Бізде орындалғаны мына ауылға екі аялдама қойылды. Аялдама және жаяу жүргінші жолы, елдімекен кіретін жерге екі жаяу өтпел қойылды», – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов.

Жол белгілерін биліктен сұрай барсақ, халықтан ұсыныс керек деп кері қайырады дейді тұрғындар. Алайда ауылға атбасын бұрған ақжағалы «ешқандай ұсыныстың керегі жоқ» деп отыр.

«Ешқандай ештеңенің қажеті жоқ, қазір полиция басқармасымен учаскелерді белгілейміз. Сосын жұмысқа кірісеміз. Енді бір апта он күн ішінде қоюға тырысамыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев.

«Енді халықтың мына жерде жиналуына байланысты, өздерінің айтқан нұсқаған жеріне жол жолақты қайтадан сызуға, одан кейін жаяу жүргінші жолын қоямыз. Бүгінгі таңда есепке алдық», – деді Алматы облысы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Үстеміров.

Тұзыдбастаулықтар талап қойып, тәртіп орнату керек деген дәл осы тас жолда күні кеше 28 жастағы анасы мен 2 жастағы қызын көлік қағып мерт қылған еді. Ал қайғылы жағдай орын алған жерге полиция енді ғана белгі қоймақ.

Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров