Үкімет ешкімді ескерусіз қалдырмайды – министр

02.04.2020 01:57

Халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ететін Ұлттық қордағы қаражат жеткілікті

Фото: ehonews

Көмекке мұқтаж адамның барлығы мемлекет шапағатын сезінеді. Үкімет ешкімді ескерусіз қалдырмайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, карантинді ұзарту туралы айту әлі ерте. Себебі эпидемиологиялық жағдай қалай өрбитінін болжау мүмкін емес.  Халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ететін Ұлттық қордағы қаражат жеткілікті. Сондықтан жұртшылықты сабырлы болуға шақырды министр. Біріккен жағдайда ғана коронавирусты жеңеміз, деді ол.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қаулысы күшіне енгенін тағы да атап өткіміз келеді. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін банк және микрокредит төлемдерінің мерзімі үш айға шегерілді. Бұл ретте айыппұл мен өсім болмайды. Бұл шегеру халықтың әлеуметтік осал топтарына, әлеуметтік көмек алушыларға, ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. Оған ешқандай тексеру жүргізу, дәлелдеу немесе өтініш берудің керегі жоқ», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Ал, «Біргеміз» қорына 13 млрд. теңге түскен. Қаржы ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық өңірде қор өкілдіктері құрылған. Сонымен бірге, қордың сайты да іске қосылды. Ол жерде келіп түскен қаражат пен шығындар жарияланады. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Олар жақын уақытта қордан көмек алатын болады деді министр.