Қала мен ауылдағы білім берудегі айырмашылық - әлі де күрделі мәселе. Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дәл осылай деп, түйткілге себеп болып отырған жәйттарды атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан бөлек, 12 жылдық білім беруге өтудің қиындықтарын атап, шалғай жатқан білім ошақтарын кең жолақты интернетпен қамту қалай шешілетінін айтты.
Мәжіліс отырысында бүгін ел болашағы үшін аса маңызды мәселелер қаралды. Халық қалаулылары оқулық шығару жүйесі мен мұғалімдер даярлауды қайта қарау проблемаларын тілге тиек етті. Мәселен, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бүгінгі білім жүйесі құрдымға беттеп бара жатқанын алға тартты. Қай жағынан алсаң да, сын көтермейді, жүйені түбегейлі қайта қарау қажет. Бұл мәселелер шешілсе, депутаттық мандатымды беріп, қабылдау бөліміне хатшы болып баруға дайынмын деді.
«Жасыратыны жоқ, орта білім берудегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына әбден жетті. Бала түгілі ата-анасы түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғам тарапынан қандай сынға ұшыраса да, қандай наразылыққа тап болса да, міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік. Жаңа Симонов әріптесім айтқандай, бізде Конституция бойынша жалпы негізі білім алу ақысыз, бірақ оны жақсылап оқыту үшін репетитор жалдауға мәжбүр боламыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН.
Ал депутат Нұрлан Дулатбеков қала мен ауыл мектептеріндегі білім деңгейінің алшақтығы мәселесін көтерді. Анықталғаны, еліміздегі білім ошақтарының 41 пайызы - шағын жинақты мектептер. Демек, балаларға қажетті жағдай жасалмаған. Мұғалімдер тапшылығы да бар.
«Көп мектептерде жалғыз-ақ мұғалім. Қазақ тілінің мұғалімі химиядан да, физикадан да, ағылшын тілінен де сол сабақ береді. Неге? Өйткені жаңағы сағат бір ставка деген 18 сағат. Ол 18 сағатқа шағын жинақталған мектеп болғаннан кейін жалпы сағаттар саны аз болады, 5-6 сағатқа бола мұғалімдер бармайды. Өйткені 0,5 ставка, 0,3 ставка, 0,2 ставка. Сондықтан бұл мәселе бойынша қазір біз шағын жинақталған мектептерді қаржыландыру мәселесін, олардың жалақы төлеу мәселесін қайтадан қарап жатырмыз», - деді ҚР Білім Және Ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Министр мырза 2020 жылдан бастап барлық қалалық мектеп жан басына қаржыландыруға ауысатынын да мәлімдеді. Бүгінге дейін бұл жүйеге Қазақстандағы 437 мемлекеттік және 80 жекеменшік мектеп көшіп үлгерген. Апаттық жағдайдағы білім ошақтары мәселесі де көтерілді. Аталған түйткілді шешу үшін республикалық бюджет есебінен 200-ге тарта білім ордасын салу көзделген. Бұдан бөлек 12 жылдық білім беруге көшу де талқыланды.
«Бізде 11 жылдық білім беру қазір де-факто и де-юре деңгейінде қалып отыр. Бағдарламаны жаңарту 2015 жылы бекітілген болатын. Ол бекітілген кезде 11 жылдық мектеп бойынша 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі бағдарламалар алынды. Жаңартылған жүйеге сыныптардың 95 пайызы көшті. Келесі жылы 11 сыныптар өтеді деп отырмыз. Сондықтан толықтай көшу маңызды. Егер қазір еш дайындықсыз 12 сыныпты енгізсек, үлкен қиындықтарға тап боламыз»,- деді ҚР Білім Және Ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Министрдің сөзінше, 12 жылдық білім беруге біртіндеп көшу қажет. Ол шамамен 2021 жыл болуы мүмкін. Өйтпеген жағдайда, мектептердің инфрақұрылымы, ұстаздарды даярлау мен жаңа оқулықтар шығару сияқты үлкен жүктемеге тап боламыз дегенді алға тартты.