Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қандай

23.05.2020 01:59

Сауда орнында санитарлық талаптар да қатаң сақталған

almaty.tv

Алматыда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік комисия азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуін қатаң қадағалаған еді. Сол кезде бекітілген тауар құны кей сауда орындарында әлі де сақталған. Елде төтенше жағдай тоқтатылғалы азық-түлік бағалары қаншалықты өзгерді?

Біз қазір қаладағы ірі сауда орындарының бірінде тұрмыз. Мақсатымыз – төтенше жағдай режимі шешілгеннен бергі азық-түлік бағасының қаншалықты өзгергенін байқап-қадағалау.

Елде екі айға жуық орын алған төтенше жағдай кезінде халықты азық-түлікпен қамту және тауарлардың бағасын бақылау қатаң қадағалауға алынды. Сұранысқа ие өнімдерге тұрақты баға белгіленді. Жұмыртқа, сары май, сүт және жарма өнімдерінің сол кезде орныққан құны кей сауда нүктелерінде әлі де сол бағамен сатылып жатыр.

«Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін, тауар құнын ұстап тұру қаулысы да өз күшін жойды. Бірақ соған қарамастан, біз осы әлеуметтік маңызы бар негізгі 9 тауардың бағасын әлі де ұстап тұрмыз. Барлық дүкендерге стенд іліп қойдық, сол жерде барлық азық-түліктің бағасы нақты көрсетілген», – деді сауда орнының PR менеджері Дмитрий ШИШКИН.

Енді тауар құны тұтынушылардың көңілінен қаншалықты шығатынын білейік.

БЛИЦЫ:

– Әлеуметтік маңызы бар тауарлар – нан, ұн, қанттың бағасы қымбаттаған ба?

– Жоқ, олар бағасын ұстап тұр. Бірақ балық еті қатты қымбаттаған. Бұрын тартылған балық етін 699 теңгеге алатынмын, қазір 999 деп тұр.

– Я вчера брала черный хлеб за 90, так и сегодня он стоит 90. Хлеб, молоко нет, а вот цены на овощи сильно подорожали.

– Сүт өнімдерінің бағасы енді қатты өзгермеген.

– Нан, сүт қымбаттаған жоқ.

– Ұн, күріш, қант, сүт өзгермеген, керісінше, мында арзандау.

– Қаймақ қымбаттамаған, бұрынғы баға. Сүзбе де бұрынғы бағамен сатылып жатыр.

Сауда нүктесі төтенше жағдай режимі кезінде білгіленген әлеуметтік маңыз бар азық-түлік тауарларының құнын әлі де сақтап тұр. Тіпті қанттың бағасы 5 теңгеге дейін арзандапты.

«Жағымды жаңалық  бар. Қазір дүкендерге картоп жеткізілді, оның бағасы тұрақты. Ал қанттың бағасы орта есеппен 5 теңгеге төмендеді», – деді сауда орнының PR менеджері Дмитрий ШИШКИН.

Сауда орнында санитарлық талаптар да қатаң сақталған. Мұнда кіреберісте келушілердің қызуы тексеріледі міндетті түрде. Ал барлық қызметкерлер масқа тағып, қолғап киіп жұмыс істейді. Антисептиктер де орнатылған.  

Осылайша, сауда нүктесінің қызметкерлері келушілерді карантин талаптарын мұқият қадағалауға шақырады.

Сая Меңдеке, Қобылан Әлдибеков, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы