Алматыда соңғы үш жыл ішінде 1500-ге жуық аула жөнделген
Шырылдаған тұрғындар оны қала басшысы Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде өзіне тікелей айтты. Олар мердігер мекемелердің ісіне салғырт қарауына шағымданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жөндеген ойын алаңының қызығын көрместен жатып, сынатын нысанды кім қабылдап алады? Кепілдеме бойынша компаниялар неше жыл ауланы қарайды? Мәселені тілші анықтап көрді.
Бұл – Алматыдағы «Қазақфильм» ықшамауданына қарасты аула. Тұрғындардың айтуынша, жөнделгеніне биыл бір жыл енді толады екен. Сыртының бояуы қанық, көз тартарлық болғанымен, тереңірек үңілгенде көптің көңілі толмайтын олқы тұстары барын аңғару қиын емес. Олақ мердігердің кесірінен, футбол алаңының торы жиі сынып қалады дейді тұрғындар. Жаңа бордюрлар қирап, жүріп-тұруды қиындатады деп шағымданды. Қала әкімімен кездесуге келген халық олақ мердігерлерді жауапқа тартуды өтінген еді.
«Біздің үйіміздің ауласын «Алатау констракшн» компаниясы абаттандырып берді. Бірақ жұмыстарын өте сапасыз істеді. Футбол алаңының қоршауы тесіліп, жердегі жабындысы жан-жақта жыртылып жатыр. Қазір мердігер компания банкрот болып қалды. Мамыр айында аудан әкімі ол ұйымның орнына басқа мердігерлермен келісіп, аулаларыңызды қайта жөндеп береміз деген. Алайда тек сөз жүзінде қалды», – дейді тұрғындар.
Бұл да – Бостандық ауданына қарасты «Алмагүл» ықшамауданындағы заманауи үлгіледе жасалған аула. Оның да жаңадан жасалғаны алыстан менмұндалап тұр. Халық жаттығу құралдары мен әткеншек орнатылған оның қызығын ұзақ көрмедік деп налып отыр. Сөздерінше, теннис үстелін тат басып, балалар алаңындағы жұмсақ жабынды ойылып кеткен.
«Мен мұнда немерелеріммен келемін. Бірақ алаң көңіл толмайтындай жағдайда, оны аяқтап жасау керек. Кемшін тұтсары өте көп. Сондықтан көп жұмысты қажет етеді», – деді бір тұрғын.
«Биыл бір жерін жасап кеткен. Әне футбол алаңын қараңызшы. Білмейм қалай жасағандарын. Барлығы ажырап құлап жатыр. Әйтеуір қалай болса, солай жасады да кетіп қалды. Әкімшіліктің есігін тоздырдық», – деді келесі бір тұрғын.
Ал аулалардағы жөндеуді қабылдап алған жергілікті әкімдік өкілі мердігер мекемелердің нысанды тапсырғанда еш ақау болмағанын айтады. Егер қолданыс кезінде олқылықтар шықса, компания 2 жыл бойы кепілдік негізінде кем-кетікті жөндеуге міндетті. Сөзінше, тұрғындардың айтқан уәждері бірден жойылады. Жалпы үш жыл ішінде Бостандық ауданында 200-ден астам аула жөндеуден өтті. Осы уақыт аралығында ат құйрығын кесісіп, келісім-шартты бұзған жауапсыз мердігер компаниялар болмады деп отыр.
«2018 жылы 130 аулада күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін техникалық бақылау мен тапсырыс беруші тарапынан қабылданып алынады. Мердігер мекеменің тарапынан 2 жыл ішінде кепілдік міндеттемелері бар. Сол міндеттемелер аясында қолданыс барысында пайда болған ақау жұмыстары орнына келтіріп, мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары атқарылады», – Алматы қаласы Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ӘЛІПБЕКОВ.
Айта кетейік, Алматыда соңғы үш жыл ішінде 700 мыңға жуық қалалықтар тұратын 1500-ге жуық аула жөнделіп, айналасы абаттандырылды. Биыл тағы 700 шақты ауланы жөндеу жоспарланып отыр.