Кімге баспана аса қажет болды, солар зейнетақы қорындағы жинақтан артық ақшасын алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшері екі есе ұлғайғанымен, Қазақстан бойынша 180 мың адам әлі де мүмкіндік пайдалана алады. Сонымен қатар ол Отбасы банкіне қаражатты қабылдау тоқтатылмағынын айтты.
«Бүгінгі күні 770 мың адамның ішінен 400 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алуға өз жинақтарын пайдаланды. Бұл жартысынан көбі. Шекті мөлшер көтерілсе де, бізде белгілі бір санат болады, олар – 180 мыңнан астам адам. Олар да пайдалана алады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов.
Ал Мәжіліс депутаттары бұл мәселені әлі де қарап, зерттеу керек дегенді алға тартады. Зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшері екі есе көбейгені көп адамның арманына шектеу болатынын мойындайды.
«Әрине, ала алмай қалған кісілер өкініп отыр. Жалпы, бұл жағдайдың отбасының немесе өз жағдайын жөндегісі келген кісілердің есебіне тура келмегені өкінішті-ақ. Ол шешіммен толық таныс болмағандықтан, әлдене айтудан қиналып тұрмын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген.