Алматыда интернет сапасын жақсарту үшін қосымша базалық станциялар орнатылып жатыр

almaty.tv
almaty.tv
Қашықтан оқуға көшкен мұғалім, ата-ана мен балаларға оңай тимей тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Интернет халыққа барынша сапалы әрі қолжетімді болуы үшін не істеу керек? Цифрландыру саласын жетілдіруде нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Қашықтан оқыту білім ордалары үшін қаншалықты тиімді? Бүгін осы сияқты бірқатар сұрақтарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ өкілдері жауап іздеп көрді. Олар қаладағы бірнеше нысанды аралап, ақпараттық технологиялардың қыр-сырын бағамдады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ өкілдері әлеуметтік нысандардағы сандық жүйенің қаншалықты қолжетімді екеніне бақылау жүргізіп шықты. Алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұққан олар ақпараттық технологиялардың бұқараға тиіп жатқан игілігін анықтауға тырысты.

«Қазір халықтың 60 пайызы ЭЦП-мен жұмыс істейді. Халық пандемиядан кейін кішкене үйренді. 50 пайызы электронды түрде өзіне керекті құжаттарын алып жатыр»,– деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Әйтсе де әлі де жетілдірілуі тиіс тұстар көп дейді мамандар. Осы тұста жөн-жосықсыз сұралатын анықтамалардың санын қыстарту, әр жерден азаматтар өз-өздеріне қызмет көрсетуге болатын нүктелер ашу сияқты жобалар қолға алынған.

Пандемия салдарынан бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін желіге байлануға мәжбүр болғаны мәлім. Осы ретте цифрландырудың сиқы әлі де тұралап тұрғаны білініп қалды. Әсіресе бұл қашықтан оқуға көшкен мұғалім, ата-ана мен балаларға оңай тимей тұр. Туындаған күрмеулі мәселенің ебін табу үшін бақылау тобы қаладағы колледждерді де аралап шықты.

«Басты нәрсе – ғаламтор мәселесі. Мектептер, колледж бен жоғары оқу орындары бәрі көбіне таңғы мезгілде сабақ өткізетіндіктен, ғаламтордың жылдамдығы азайып, байланыс жиі үзіліп кетеді. Сондықтан онлайн түрде сабақ өткізу, шындап келгенде, қиын. Осыған орай, бізде оқу үдерісі оффлайн форматта жүреді, яғни студентке тапсырма беріледі, ол оны бізге жібереді»,– деді Алматы көпсалалы колледжі директорының орынбасары Талғат Айтжанов.

«Соңғы уақытта мұғалімдер көптеген сандық бағдарламаларды игеріп алды. Әрине, сабақтарды дәртүрлі, бұрынғы форматта өткізуге жетпейді. Әйтсе де цифрландыру жүйесіне ілесе білуіміз керек. Біздің колледжде ғаламтормен еш мәселе жоқ, тек желінің сыйымдылығы кейде жетпейді»,– деді Алматы құрылыс-техникалық колледжі директорының орынбасары Әзиз Жәлелов.

Мониторингтік топ мүшелері бақылау барысында бірқатар мәселелерді анықтап, енді халықты сапалы сандық жүйелермен қамту мәселесін көтермек.

«Пандемия кезінде біздің сандық жүйедегі әлеуетіміздің қандай екені көрініп қалды. Қыруар қаражаттың бәрі тиімсіз жобаларға кетті. Халық тарапынан сенімсіздік мен наразылық туғаны жасырын емес. Міне, сондықтан да цифрландыру министрлігі азаматтардың барлығына қолжетімді, түсінікті әрі ыңғайлы болатындай етіп жүйе жасауы керек. Біз өз тарапымыздан шеткі өңірлерде, қалаларда цифрландыру қалай жүзеге асып жатқанына бақылау жүргізіп жатырмыз. Енді бәрін жинақтап, сараптап құзырлы мекемелерге ұсыныстарымызды енгіземіз»,– деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтың төрайымы Айгүл Соловьева.

Жалпы, мамандар бүгін Алматы қаласы бойынша жоғары сапалы интернетпен 9 мыңнан аса көпқабатты үй қамтылғанын айтады. Ал Алматы облысында 700-ден астам елдімекеннің 200-ге жуығы сапалы ғаламторды қолданып отыр. Алайда сапасыз ғаламтор сымсыз қосылған желілерде көптеп кездесетін көрінеді.

«Интернеттің сапасын жоғарылату мақсатында қазіргі таңда сол сымсыз интернетпен қолданып отырған елдімекендерге қосымша базалық станциялар орнатылуда. Яғни, интернет сигналы жоғары болған сайын оның сапасы да өседі»,– деді «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының маркетинг қызметінің басшысы Жомарт Тезекбаев.

Цифрландыру саласы мен ғаламторға қатысты қордаланған мәселелердің барлығын бүгін арнайы топ бірізділікке түсіріп алдағы уақытта оңтайлы шешу үшін министрлікке өз ұсыныстарын жолдамақ.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров