Қазақстанның автожолдарында жүретін ауыр жүк көліктерінің 10 пайызы ғана бақылау бекетінде тексеріледі. Бұл автокөлік жолдарының жылдам бұзылуына өз әсерін тигізуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров және сенаторлар – Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов еліміздегі маңызды автожолдардың сапасына қатысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Олар жыл сайын жолдардың жөнделуі мен күтімі үшін бөлінетін қомақты қаражатты да сөз етті.
«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша үздік және нашар жолдары бар елдер рейтингісінде 2019 жылы Қазақстан 100-ден 43,2 балл жинап, 141 елдің ішінде 93-орынға ие болды. Ал, мәселен, көршілес елдер - Тәжікстан бізден жоғары 50-орында, Әзербайжан - тіпті 27-орында. Бұл саланың жүйелі проблемаларының бірі - жүк көліктердің белгіленген білік (ось) жүктемелерінің асып кетуіне байланысты салынған және жөнделген жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы болып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.
Ал сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында елімізде кітапханалардағы кітаптарды және архивтердегі құжаттар мен жазбаларды сақтау, цифрландыру ісінде айтарлықтай олқылықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде отандық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Тіпті, елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында материалдарды сақтайтын жер өте тар.
«Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Оның үстіне, көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де кішкентай. Сондықтан кітап қоры көбейген сайын орталықта ғылыми сараптамалық топты ұлғайту керек. Бізде реставрация саласы да дамымаған. Заманауи техникалармен көбірек жабдықтау қажет. Аймақтардағы архивтердің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Құжаттарды қайда қоярын білмейді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.