Алматыда жұмыссыз жастарды тегін оқыту курстары наурыз айында басталады

Алматыда жұмыссыз жастарды тегін оқыту курстары наурыз айында басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жұмыссыз жүрген 2 мың алматылық тегін оқытылады. Арнайы курстар қаладағы ірі компания мен университеттердің оқу орталықтарында өтеді. 16 мен 29 жас аралығындағы жастар осы жылдың наурыз айынан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда оқуды бастайды. Курс бойынша толыққанды мәлімет алу үшін Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Керімқұл ЖЕКЕТАЕВТЫ сөзге тартқан едік.

– Керімқұл Әмірқұлұлы, осы жылы жастарды оқыту үшін орталықтар қандай талап бойынша таңдалып жатыр?

– Биылғы жылғы оқыту курстарына қатысатын оқу мекемелері қатысушыларға үлкен талаптар қойылып отыр. Оның басты себебі, былтырғы жылы қараша айында жұмыспен қамту орталығы бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістерге сәйкес, оқу өткізетін орындардың болуы, сапалы техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар білім саласында істейтін мамандардың біліктілігінің жоғары болуы, сонымен қатар, қатысушылар курстарды оқып бітірген соң, олардың кем дегенде,  80 пайызын жұмыспен қамту сияқты талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана білім беруші мекемелерге оқу курстарын оқытуға рұқсат етіледі.

– Жастар қандай мамандықтар бойынша оқытылады және ол мамандықтар нарықта қаншалықты сұранысқа ие?

– Биыл бізге келіп түскен сұраныстарға байланысты таңдалған мамандықтардың ішінен 5-уін айрықша атап өтуге болады. Яғни, биыл Алматы қаласы бойынша 600-ге жуық автобус және троллейбус жүргізушілері қажет болып отыр. Сондай-ақ, бухгалтер, аспазшы, кассир, дизайнер сияқты мамандықтар да сұранысқа ие болып отыр. Флористика саласында істейтін мамандықтар да қосымша сұранысқа ие болуда. Міне, осындай 48-ге жуық жаңа мамандық бойынша биыл оқу курстарын жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз.

– Оқыту курстары қашан басталады? Одан қандай нәтиже күтесіздер?

– Алдымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының берген регистр арқылы өзіміздің есебімізде тұрған жұмыс берушілердің сұранысына орай, қажетті мамандықтарға сараптама жасалған соң оқу курстары белгіленеді. Ақырғы шешім өңірлік комиссияда қаралып, сол жерде қабылданады. Содан кейінгі шешімге байланысты оқу курстары басталады. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік  палатасының рейтингісі бойынша қатысқан оқу мекемелерінің қандай қорытынды нәтиже бергеніне қарай, ақпан айынан бастап негізгі жұмыстарды аяқтап қаламыз деп жоспарлап отырмыз. Наурыз айынан бастап оқу курстары басталады деген жоспар бар.

– Жауабыңызға рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров