|
23.08.2024 | 21:01
155

Мейірім мекені: сал ауруына шалдыққан Динараның анасы көмек сұрайды

32 жастағы ол өздігінен жүріп-тұра алмайды

Мейірім мекені: сал ауруына шалдыққан Динараның анасы көмек сұрайды

Шұғыл көмек қажет! Қиын жағдайға душар болған Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны Сайрамкүл Құрболысова қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр. Оның сал ауруына шалдыққан қызына ем-дом жасату үшін қомақты қаражат керек, деп хабарлайды Almaty.ty тілшісі.

32 жастағы Динара Жәкеева өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сап-сау туған ол 4-сынып оқып жүргенде кенеттен аяғын баса алмайтын хәлге жеткен. Кейіннен бұл дерті дендеп, қыз тіпті жатып қалған көрінеді. Отандық дәрігерлер оған «церебральды сал ауруы» диагнозын қойған. Содан бері бірнеше қалаға барып, ем алып көрген. Бірақ нәтиже жоқ. «Өз еркіммен жүргім келеді»  деген Динара жомарт жандар қаржылай қолдауына мұқтаж.

– Жүргім келеді. Қатарыма қосылғым келеді. Жүгіргім келеді. Маған көмектесіңіздерші. Ақшалай қолдау көрсетіңіздерші, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Динара Жәкеева.

Баласының қатарға қосылып кетуін тілеген ана қызын қалайда аяққа тұрғызуға бел буған. Екі жыл бұрын толыққанды ем алған Динараның беті сәл де болса, бері қараған. Кейіпкер өз бетімен отыруды, тамақ жеуді, тіпті арнайы арбаның көмегімен жүруді үйренген. Осы жетістікті әрмен қарай дамыту үшін Динара қыркүйекте кезекті рет Ташкентке баруы тиіс. Ол үшін кемі 5 млн теңге қаражат қажет.

– Жүретін болды. Бұрын мүлдем жатып қалған. Жұлынға оттегі жетіспейді. Қазір 1,5 млн теңге жиналды. Емдеу үшін 5 млн теңге қажет. Мен үшінші дәрежелі мүгедекпін, пәтер жалдап тұрамыз, – деді Д. Жәкееваның анасы Сайрамкүл Құрболысова.

Бірнеше жыл бойы сергелдеңге түскен Динараның жақындары оның жүріп кететініне сенімді. Бұл мақсатта барын сатып, жоғын тапқан олар енді амалдың жоқтығын айтып, налиды.

– Динара дертпен күресіп жатқанына 10 жылдан асты. Анамыз біраз жерге сүйреді. Жыл сайын емге апарамыз. Анам мүгедек, жұмыс істемейді, үйде Динараның қасында отыр. Сондықтан халықтан, жомарт жандардан көмек сұраймыз, – деді Д. Жәкееваның әпкесі Бекзат Анапина.

Кейіпкердің жағдайын құлақпен естіп, көзбен көріп қайттық. Отызға толып, ойнақшып тұрар шағында амалсыз ауыр төсекке таңылған Динараға қол ұшын созам деген көпшілік үшін реквизит нөмірі бейнематериалда жазылған.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Мейірім мекені: алматылық отбасы халықтан көмек сұрайды 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир