Ауданда 220-дан астам көшеге шамдар орнатып, 90 көшенің арық жүйесін күрделі жөндеу қажет
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін Бостандық ауданын аралап, тұрғындардың қордаланған мәселелеріне үңілді. Жергілікті әкім Алтай Рахымбетовтың айтуынша, ауданда 2000 шақты бөбек балабақшаға кезек күтіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
220-дан астам көшеге шамдар орнатып, 90 көшенің арық жүйесіне күрделі жөндеу қажет. Оған қоса, ауданға жаңадан қосылған елді-мекендерде таза ауыз су тапшы. Сондықтан, «Ерменсай» шағынауданында станция салу ұсынылып отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша сметалық құжат дайындалуда.
Жұмыс барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Тұңғыш Президент саябағын аралап, қазіргі жай-күйімен танысып шықты. Содан соң әкім Розыбакиев көшесі бойындағы бос жатқан жерлердің болашақтағы көрінісін тамашалауға барды. Жуырда мұнда ашық аспан астындағы қорған салынбақ.
Халықтың бас қайғысына бей-жай қарамайтын әкім «Тенгиз Тауэрс» тұрғын үй кешеніне де ат басын бұрды. Онда қала басшысымен сөйлесуге ынталы халық жиналып, өз мәселелерін жіпке тізді. Айтуларынша, тұрғындар түгелдей құжаттарын заңдастыра алмай жүр. Енді біреулері жарыққа заңды түрде қосыла алмай келеді екен. Қала әкімі мәселені зерттеуге уәде етті.
«Коммуналдық төлемдерді де қазір заңды тұлға ретінде төлеп келеміз. Қымбат болғанына қарамастан, көніп отырмыз. Бұл тұрғын үй кешенін 2006 жылдан бері күттік. Үйдің банкте кепілде тұрғанын білген кезде таңғалдық. Ұлттық банкке де шағым жаздық. Дегенмен, басқа жол жоқ болып тұр», – дейді тұрғын Иван РЫБАКОНОВ.