Экологиялық апат. Кезінде аудан орталығы болған Алматы облысындағы Шелек ауылының маңы қоқыс даласына айналып барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, ластанған аумақ қоршаусыз жатқандықтан белгісіз адамдар мұнда келіп көрінген затты төгіп кетеді. Тұрмыстық қоқыс қана емес, медициналық қалдықтарды да, тіпті жануар өлексесін де тастайды екен. Ал оны қаңғыған иттер кеміріп, кейде ауыл ішіне тасиды
«Қоқыс алаңы қоршалмаған. Ешқандай белгі де қойылмаған. Ол жер асты суымен ауылдарға барады. Бәрі сол суды ішіп отыр. 4-5 малым бар еді, өлді», – деді Шелек ауылының тұрғыны Ерқанат Байжарасов.
«Қаладан шыққан қоқысты полигонға әкеліп, төгеді. «Қайдан келдің?» деп сұрағанымызда, жүргізушілер қаладан келгенін айтқан», – деді Шелек ауылының тұрғыны Нұрмұхамед Мұхамеджан.
Қоқыс даласына айналған аумақта төгілген мына қара сұйықтықтың не екенін дөп басып айта алмаймыз. Алайда тұрғындардың сөзіне сенсек, одан келер зиян көп. Ал жердегі қоқыстың шашылып жатыр. Айта кетсек, қоқыс басқан аумақтың иесі бар. Ол азамат ЖШС ретінде дәл осы қалдықтарды өңдеу сынды қызмет көрсетуі тиіс болған. Мұны өздері де мойындап отыр.
«Шелекте қоқыс төгетін арнайы орын жоқ. Ең жақыны Талғар ауданында орналасқан. Біз инвестициялық бағдарлама арқылы қоқыс өңдеу полигонын салуға өтініш бердік. Яғни, медициналық қалдықтарды өртейтін арнайы пеш қойдыру жоспарда бар. Алайда жерге иелік етуге рұқсатты 1 жыл бұрын ғана алдық. Енді іске көшу үшін экология комитетінің жауабын күтіп отырмыз», – деді «Балис» ЖШС атқарушы директоры Олжас Тойшыбеков.
О баста мәселені 1 жыл ішінде реттеймін деп сөз берген кәсіпкер мекемеден жауап қашан келетінін білмейді. Алматы облыстық экология департаментінің өкілі болса, мораторийге байланысты дәйексіз тексеру жүргізе алмайтынын айтты.
«Президенттің жарлығына сәйкес, кіші және шағын бизнеске тексеру тоқтатылды. Комитет рұқсат берген жағдайда ары қарай прокуратураға тіркеуге жібереміз. Ал тіркелсе, департамент тарапынан тиісті шаралар қабылданатын болады», – деді облыс бойынша экология департаментінің бөлім инспекторы Данияр Өмірбеков.
Істің ақ-қарасын анықтау мақсатында аудандық прокуратураға да бардық. Құзырлы орган өкілдерінің дерегінше, тиісті мекемелер тексеру жұмыстары бойынша жауапты 30 қаңтарға дейін беруі керек.
«Жер «Балис 2007» ЖШС-ға инвестпроект бойынша берілген. Сол инвестпроект бойынша жобаның іске асу заңдылығын тексеріп жатырмыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.
Прокуратура мерзімі өтпей жатып қоқыстан табылған дәрілерге де қатысты тексеру жүргізетінін мәлім етті. Заттай айғақ ретінде алынған қораптар экспертизаға жолданбақ. Айта кетсек Алматы облысының өзінде 355 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, біразы ретке келтірілгенімен, әлі де тексеру жұмысы жалғасып жатыр.
Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы