3 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйлері жергілікті пәтер иелері кооперативінің кесірінен әбден тозып, быт-шыты шыққан
Нұр-Сұлтан іргесіндегі «Алтын дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтер иелері кооперативінің жұмысы мен аудандық әкімдікке ашулы. Айтуынша, 3 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйлері жергілікті пәтер иелері кооперативінің кесірінен әбден тозып, быт-шыты шыққан. Қабырғалары шытынап, шатыры сынып, сыры түсіп жатыр дейді. Тұрғындардың өкпесін тыңдап қайтқан елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек жалғастырсын.
Қанат Боранбаев «Алтын дала» тұрғын үй кешенінде 3 жыл тұрып келеді. Айтуынша, сол кезде берілген су жаңа үйлері, аз уақыта аралығында тозып кеткен. Үйдің қабырғалары шытынап, табалдырығы опырылып жатыр. Бұның барлығына жергілікті пәтер иелері кооперативі кінәлі, дейді тұрғындар.
«Үйдің шахталары құлап жатыр. Жаңа үй ғой. Ол да тұр. ПИК жұмыс істемейді. Осы 5 үйден 200 мыңнан берген уақытта, бес үйден қаншама ақша түседі. Астанадағы ПИК-ке барайын, балаларым тұрады ғой, бәрін істеп жатыр. Солай істеу керек қой. Ешқайсысы үндемейді. Әкімге айтсаң, ол үндемейді. Зып етіп келеді де, бірдеңе түсіндіріп айтсаң, әне, Кәке, дейді де қашып кетеді», – деді тұрғын Қанат Боранбаев.
Тағы бір тұрғын Кенжеғұл Есжанов мұғалім болып еңбек етеді. Оқушыларға қашықтықтан сабақ беріп жүрген ол интернеттің әлсіздігіне қапалы. Өте баяу жұмыс істейтінін алға тартады.
«Қазіргі күні үлкен мәселе бұл. Мен қашықтықтан сабақ бере алмай отырмын. Маған ол үшін қалаға барып, мектепке барып, сабақ беруге тура келіп жатыр. Ең үлкен проблемалардың бірі – осы. Қаншалықты күтуге болады? Не себебі бар?» – деді тұрғын Кенжеғұл Есжанов.
Тұрғындар бұл аумақта жарық пен су жиі ажыратылып жататынын айтып наразы. Ал көшелердегі жарықтандыру атымен жоқ дейді.
«Алтын дала» тұрғын үй кешеніндегі басты түйткіл – жол мәселесі. Бұнда көлікке де, жаяу жүргіншіге де жағдай жоқ. Тұрғындар қоғамдық көліктер қатынайтын тасжолға жету үшін жатқан дәп осы жарты шақырым жермен аяқ алып жүрудің өзі бір қиямет қайым дейді. Себебі күз бен көктемде саз-балшықты кезуге мәжбүр. Ал қыста белшеден келетін қарлы алқаптан жүру мүмкін емес дейді.
Жергілікті пәтер иелері кооперативіне барып едік, орындарында болмады. Ал әкімдікте интернет желісінің баяулығына қатысты қандай да бір ақпар беруден бас тартты. Бірақ жол құрылысына жауапты бас мердігердің өкілімен сұхбаттаса алдық.
«Біздің жобада бар осы жол. Келесі жылға жоспарлап отырмыз. Жолды бастаған кезде мына жерде кабельдер тұр еді. Оларды төмен түсіру керек. Оған уақыт керек. 1-2 айдың шамасында. Сондықтан ол биылдыққа біз ақшаны кеш бөлгеннен кейін, кеш бастап жатырмыз. Сондықтан бұл көшені үлгерген жоқпыз биылға. Сол үшін келесі жылы істейміз», – деді бас мердігер ұйымының жоба жетекшісі Азамат Бірсейітов.
Жоба жетекшісі жолды абаттандыру жұмыстары келер жылдың көктемінде басталмақ дейді. Ал тұрғындардың әзірге шыдай тұрудан басқа амалы жоқ.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Ақмола облысынан