Көптің қуанышына себеп болған сәбилерге жақындары Асылым, Аяулым, Сезім деп ат қойды
Алматыда дүниеге үшем әкелген 24 жасар ана бүгін перзентханадан шықты. Тұңғыш сәбилерін асыға күткен жас отбасы ендігіде үш бірдей қыз баланың ата-анасы атанып отыр. Жастардың қуанышына ортақтаса келген көпшілік ана мен балалардың денсаулығына қатты алаңдағанын айтады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Айым Сағатбек 26 мамырда үш бірдей қыз баланы дүниеге әкелген. Дәрігерлердің айтуынша, сәбилер жүктіліктің 29-аптасында 1 келіге жетпейтін салмақта өмірге келіпті. Сондықтан болар, нәрестелер бірнеше күн жансақтау бөлімінде болған.
«Басында үшем екенін білген кезде аздап қорқыныш болды. Сәбилердің жынысы маңызды болмады. Босанған соң, оларды бірден реанимацияға алып кетті, ол жақта өте жақсы қарады. Реанимациядан 10-15 күнде шықты. Бірінші екі қыз шықты, содан кейін Сезім шықты», – деді жас ана Айым Сағатбек.
Көптен күткен қуанышқа жас отбасының жақындары жиналып, үшем мен жас ананы үйге алып қайтты. Күллі әулеттің көзайымы болған кестетігерлерге өз кезегінде орталық қызметкерлері де сыйлықтарын тарту етті.
«Бірден 3 немерелі болып жатырмыз. Рақмет! Мен осы перзентхананың дәрігерлеріне алғысымды білдіремін. Балам мен келінімнің бұл ең алғашқы балалары, өте қатты қуаныштымыз», – деді үшемнің әжесі Бағдагүл Анаятова.
«Сезім деген алып ұшып тұр. Әр баланың ырысы болады деп жатады. Естігенде жылап та алдым. Ризамын», – деді үшемнің әкесі Ерасыл Қуантаев.
Алғашында нәрестелердің жағдайы ауыр еді. Дәрігерлер жансақтау бөлімі мен арнайы СИПАП аппаратында болған сәбилердің хәлі қазір жақсы, денсаулықтарына да еш қауіп жоқ екенін айтады.
«Жалпы динамикасында жағдайлары жақсарып, сүтті өз беттерімен еміп, қазіргі таңда бірінші нәресте 930 граммен туылып, 1935 граммен шығып жатыр. Екіншісі 9801 граммен туылып, 2009 граммен шығып жатыр. Үшінші нәрестеміз 910 граммен туылып еді, 1730 граммен шығып бара жатыр» – деді қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерініің орынбасары Ботагөз Арынова.
Көптің қуанышына себеп болған сәбилерге жақындары Асылым, Аяулым, Сезім деп ат қойды.
Айта кетейік, олар жыл басынан бері дәл осы орталықта дүниеге келген үшінші үшем.
Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы